Павлодарлық студенттер протез аяқты сынақтан өткізді

Павлодарлық студенттер 21 жастағы тұрғынға протез аяқ салып берді. Бұл алғашқы нұсқа болғандықтан әзірге сынақтан өтеді. Дегенмен бұған дейін жүріс-тұрысы қиындап қалған ер-азаматтың көңілінен шықты. Өйткені бағасы арзан әрі салмағы бұрынғысынан екі есе жеңіл.

Александр Финк жеті жасында пойыздың астына түсіп, бір аяғынан айырылған. Сол сәттен бері протез киіп жүр. Көлік жөндеу слесарі мамандығы бойынша білім алып, еңбек етеді. Мемлекеттен бөлінетін протез ауыр әрі жиі жөндеуді жиі қажет етеді. Жөндеуге барып тұруға мүмкіндігі бола бермейді.

Александр Финк, қала тұрғыны:

– Бұл протез әлдеқайда жеңіл. Жастар бекіту белбеу жүйесін өзгертті. Ал бұрынғы құралдың белбеулері былғарыдан жасалған. Уақыт өткен сайын олар созылып, үзіліп кетеді. Оны жылына бірнеше рет жөндеу керек. Жаңа протезге белбеу емес, альпинистік жіптер орнатылды. Оны өзім-ақ жөндей аламын.

Әлемдік нарықта заманауи әрі жетілдірілген протездер жетерлік. Александр Финктің айтуынша, Германияда шығарылатын тізе модульдерінің бағасы 10 млн. теңгенің үстінде. Бұл соманы кез келген адамның қалтасы көтермейді. Сол себепті болашақ инженерлер  көмекке келді.

Владимир Голубин, студент:

– Станоктар, 3Д-принтер мен заманауи технологияларды қолдандық. Оны жасау үшін алюминий мен қауіпсіз пластикті қолдандық. Осылайша, протездің салмағын екі есеге жеңілдеттік. Небары 1,5 келі. Бір аптада бірнеше құралды кез келген қалада жинауға мүмкіндік бар.

Алғашқы құрал үш күннің ішінде жиналды. Бұл іске кіріспес бұрын жастар маркетингтік зерттеулер жүргізген. Статистикалық деректерге сүйенсек, бір жылда 50 мыңға жуық азаматқа аяқ-қол протездері қажет. Бұған тек 15 мың адам ғана тегін қол жеткізе алады.  Ал басым бөлігі кезек күтуге мәжбүр.

Сергей Баспалый, жоба авторы:

– Мәселені шешуге ат салысқымыз келеді. Елімізде жасалатын өнімге арналған шикізат Ресейден әкелінеді. Оны тоспай-ақ,  отандық протезді жетілдіргіміз келеді. Жобамызды дамытудың жоспарын әзірледік. Бір-екі протезбен шектелмей, сұраныс бойынша жасауды көздейміз.

Жобалаушылар алдағы уақытта шағын өндіріс ашпақ. Бизнес-жоспар бойынша бір құралдың бағасы шетелдік түрлеріне қарағанда әлдеқайда арзан болмақ. Негізгі артықшылықтары - жеңілдігі мен бағасының қолжетімділігінде.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...