«Junior Eurovision 2021» байқауына дауыс беру басталды

Әлем көз тіккен «Балалар Евровидениесі-2021» байқауының финалы ертең Хабар телеарнасынан кешкі тоғызда тікелей эфирде көрсетіледі. Қазір қос әншімізді қолдауға шақырамыз. Қазақстандық Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин жеңіске жетсін десеңіздер vote.junioreurovision.tv сайтына кіріп, дауыс беріңіздер.

junioreurovision.tv сайты сегіз тілде жұмыс істейді. Өкінішке қарай, олардың қатарында қазақ немесе орыс тілдері жоқ. Бірақ таңдау жасау процесі өте оңай және 5 минут уақытыңызды ғана алады. Біріншіден, See video 0 «видеоны көр» батырмасын басып, 19 қатысушы орындаған әндердің қысқа үзінділерін толық қарап шығу керек. Одан кейін Vote now – «қазір дауыс бер» батырмасын басып, үміткерлер арасынан қазақстандық Бекнұр мен Әлинұрды таңдайсыз. Оған қоса тағы екі өнерпазға дауыс беру міндетті. Және соңында робот емес екеніңізді дәлелдеу үшін шағын математикалық есепті шығарып, өз даусыңызды растайсыз.

Әлинұр Хамзин, байқау қатысушысы:

– 2019 жылы Ержан Максим екінші орын алды. Сосын 2020 жылы Башанова Қарақат екінші орын алды. Енді Алла қаласа, осы жылы Бекнұр екеуміз бірінші орын аламыз деген үміттеміз. Құрметті оралдықтар, құрметті жерлестерім және барша Қазақстан! Бізге, Бекнұр екеуімізге қолдау көрсетіп, дауыс берулеріңізді сұраймыз.

Бекнұр Жәнібекұлы, байқау қатысушысы:

– Қазақстан, бізге дауыс беріңіздер!

Екінші рет дауыс берудің мүмкіндігі жексенбі күні туады. Хабар телеарнасында прайм-таймда басталатын байқаудың соңғы әні орындалып болған соң, 15 минут ішінде тағы да таңдау жасап үлгеру керек. Бекнұр мен Әлинұрдың нөмірін сахнаға дайындаумен айналысқан шығармашылық топ, жас орындаушылар жеңіске жетіп, «Балалар Евровидениесі» келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деген үмітте.

Айбек Молдабаев, Қазақстандық делегацияның жетекшісі:

– Жеңуге бұған дейін кішкене ғана жетпей қала берді. Отандастарымыздан, шетелде тұрып жатқан қандастарымыздан үлкен қолдау күтеміз. Барлығы бірігіп, балайқайлардың елге бірінші орынды әкелулеріне атсалысса дейміз.

Бүгін байқауға қатысушылар үшін соңғы дайындық күні. Бекнұр мен Әлинұр өздеріне арнайылап тігілген киімін киіп, сахнаға шығады. Ал жексенбі күні 19 елде көрсетілетін ақтық мәре 32 миллион көрермен жинамақ. Түсірілім кезінде 300-дей адам кадрдан тыс жұмыс істейді, дейді ұйымдастырушылар. Биылғы байқау рождество тақырыбына арналады. Сондықтан қарашаға жоспарланған ән додасын бас хабар таратушы Франс Телевизион компаниясы желтоқсан айына жылжытыпты.

Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...