Жамбыл облысында 259 ауыл таза сумен қамтылған

Өңірде 30 жыл ішінде 192 ауылға ауыз су тартылған, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір елдімекендердің тіршілік нәрімен қамтылуы 82 проценттен асты. Бұл – аймақтағы ауыз толтырып айтар жетістіктің бірі. Мәселен, шалғайдағы Талас ауданында биыл орталық су желісіне қосылған ауылдар саны 17-ге жетті. Олардың арасында Қасқабұлақ та бар.

Қасқабұлақ тау ішінде орналасқан елді мекен. Мұнда 99,9 процент күрді ұлты тұрады. Бұл ауылда таза ауыз су деген атымен болмаған. Бұған дейін жұрт бұлақ пен құдықтың суын ішіп күнелткен. Жуырда ауыз су тарту туралы шешім шығып, орталықтандырылған су жүйесі жүргізілді. Әр үйге тартылып, қазір жергілікті тұрғындар таза су тұтынып отыр.

Исмаил Усейнов, Қасқабұлақ ауылының тұрғыны:

– Ауырып қалған да адамдар болды. Себебі мал бар. Малмен күн көреді елдің бәрі. Ол малдың ішкен-жегені бәрі жерге кетеді. Содан суымыз нашар болды. 30 жылдың ішінде ең бір айтатын ауылдың адамдарына ең жақсы кәдімгі қызметтің бірі осы ауыз су. Адамның денсаулығының өзі суға байланысты ғой. Су жақсы болса денсаулығың жа эақсы болады.

Талас ауданында 23 елдімекен бар. Оның 70 проценті таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қазір өңірде су тартылмаған 7 ауыл қалып отыр.

Дамир Жаманбаев, Талас аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

– Қалған 7 елдімекен бізде, 2022 жылға жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге тапсырыс беріп қойдық. Құрылыс монтаж жұмыстарын 2023-2025 жылдары жүргізу жоспарлануда.

Жалпы Жамбыл облысында ауыз сумен қамту 4 есе өскен. Өңірде  90 жылдары 67 ауылда ғана ауыз су болса, қазір 259 елдімекенде ауыз су бар. Келер жылы бұл көрсеткішті 88 проценттен асыру көзделіп отыр.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә