«Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!»: Нәрестелерге Президенттің құттықтау хаттары жеткізілуде

16-17 желтоқсан күндері дүниеге келген 2 мыңнан астам сәбиге Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай baby-бокстар сыйға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сүйінші» сыйлық жиынтығында бөбектерге қажетті заттардан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және баланың тууы туралы куәлігі салынған. «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.

16 және 17 желтоқсанда туған балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАЖ органдарына жолдады.

Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.

«Дүниеге сәбиіміз келіп бір қуансақ, «Сүйінші» қорабын алып қуанышымыз еселеніп жатыр. Оның үстіне сәбиіміз мереке күні дүниеге келді. Қуанышымда шек жоқ. Президенттің өзі құттықтау хатын жолдап жатса, неге қуанбасқа! Балам Қазақстан Республикасының бақытты балаларының бірі болып өседі деп сенемін! Өмірге алғашқы келген күннен құрметке ие болып жатыр. Елімізде аналар да, балалар да бақытты болсын!» - дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлфия Ескелдинова.