Биыл бас қалада жеті мектеп салынды

Тәуелсіздік мерекесіне орай елордада 7 мектептің құрылысы аяқталды. Шамамен 20 мың оқушы жаңа тоқсанды су жаңа білім ошағында бастауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Соңғы үлгідегі оқу-құралдарымен жабдықталған нысандарды қала әкімі Алтай Көлгінов аралап, үш ауысымда оқитын мектепт мәселесін шешу жұмысы әлі жалғасатынын айтты.

Кейінгі он жылда елордада оқушы саны 3 есе көбейді. Мәселен, мамырда мектептерден 7 мың оқушы түлеп ұшса, қыркүйекте бірінші сыныпқа 25 мың бүлдіршін қабылданады. Сәйкесінше мектепте орын жетіспейді. Мәселені шешу үшін жыл басынан бері шаһарда 40 мың балаға арналған 15 мектеп салынды. Солардың бірі – жаңа форматтағы BINOM SCHOOL.

Марс Аблезов Binom School директоры:

– Қазақ және орыс тілінде білім береді. Мектепте қазіргі таңда барлық цифрлық технологияларды қолдануға өте мүмкіндік жасалған. Атап айтсам, химия, физика, жаратылыстану бағытындағы зертханалық жұмыстар, практикалық жұмыстарын жасауға үлкен мүмкіндіктерін береді. Біз қазір үш мектепті 83-86 және 72 мектеп оқушыларын және үш ауысымдағы мектеп оқушыларын қабылдап жатырмыз.

BINOM мектептері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша салынған. Мұнда робототехника кабинеті, кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-орталық, телестудия, металл және ағаш кесу шеберханалар қарастырылған. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар үшін барлық жағдай жасалған.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 7 мектеп ашып жатырмыз. Ол 20 мың балаға оқу орнын ашады. Ал тұтастай алғанда, биыл 15 мектеп, 40 мың бала екі ауысымда оқитын болады. Осы мектептер ашылғаннан кейін 5 үш ауысымды және 10 нормадан тыс оқитын мектептердің мәселесін шешетін боламыз.

Қала басшылығы келер жылы шаһарда тағы 16 білім ошағын салуды жоспарлап отыр. Ал жалпы бес жыл ішінде шаһарда 70 мектеп салынбақ.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа