Алматыда бітімгершілік миссияларға қатысатын әскерилерге шет тілі үйретілді

Елімізде Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік даярлық орталығында тіл үйренудің қарқынды дайындығы бойынша кезекті курс аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарулы Күштерден 66 әскери қызметші тіл үйрену курсын оқыды. Жарты жыл бойы оқытушылар көп ұлтты ортада тиімді қызмет ету үшін жеткілікті ауызекі сөйлеу, оқу, жазу машығын дамыту мақсатында тыңдаушыларға ағылшын тілін үйретті», - деді министрліктен. Бітімгершілік даярлық орталығының бастығы, полковник Бауыржан Нығметуллин әскери қызметшілерге курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етті. Сондай-ақ алған білімдері оларға бітімгершілік миссияның міндеттерін орындауда септігі тигізерін атап өтті. Себебі бітімгерлер бейбітшілікті қалпына келтіруді, диалог пен сенімді қалыптастыруды қолдайтын айрықша миссияны атқарады. Сондай-ақ орталықта Францияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған француз тілін қарқынды оқыту курсы да аяқталды. Офицерлер DELF A2 деңгейіне сәйкес қорытынды емтиханды жақсы тапсырды.