СҚО диқандары келесі жылы мол өнім жинауды жоспарлады

Солтүстік қазақстандық диқандар алдағы жылы ас та төк өнім жинаймыз деп құлшынып отыр. Өйткені сапалы тұқымға қол жетті. Өңірде арнаулы кәсіпорын іске қосылды. Бұл өндіріс ошағы жылына 60 мың тоннаға жуық өнім дайындайды. Енді біз мақтауын асырған жаңа кешеннің артықшылығы неде? 

Ризығын жерден табатын өңір диқандары биыл 3,5 миллион тоннадан астам астық жинады. Көрсеткіш әрине жылдағыдан төмен. Дегенмен, жер емген шаруалар болашақта қуаңшылыққа қарамастан екі есе көп өнім алуға ниетті. Себебі еліміздің солтүстігінде тұқым қорын дайындайтын кәсіпорын іске қосылды.

Кәсіпорында ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық тұқымы дайындалады. Дәндер алты кезеңдік тазалаудан етеді. Сұрыпталады, дәріленеді. Тіпті түрлі зиянкестерден арылады.

Сергей Колмаков, кәсіпорын қызметкері:

- Астық өнімділігі тұқымға тікелей тәуелді. Сондықтан дәнді дақылдар мұнда кешенді тексерістен өтеді. Кейін қажетті тыңайтқыштармен де байытылады. Осылайша біз алдағы науқанға таза әрі сапалы қор дайындаймыз.

Соңғы үлгідегі қондырғылармен жарақтандырылған өндіріс ошағы сағатына 10 тонна өнім дайындауға қауқарлы. Яғни бұл жерде тек шығымдылығы жоғары дәндер іріктеліп алынады.

Денис Халимов, желі операторы:

- Кешен толықтай автоматтандырылған. Мәселен, мына желі тұқымды көлеміне байланысты ірі, орташа және ұсақ түрлеріне бөледі. Ал бұрын астық тек қалдықтардан тазартылатын еді.  

Бұл жер осыған дейін жазық дала болған. Бірегей өндіріс ошағы сегіз айда бой көтерді. Бұл мақсатқа бір миллиард теңгедей инвестиция құйылды.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев