Павлодардан шыққан «Болашақ» түлегі судың ластануын зерттейді

«Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алғандар Ертіс өңірінде де көп. Түлектер туған жеріне оралып, шетелдің озық технологиялары мен тәжірибелерін іске асырып жатыр. Бір ғана жоғарғы оқу орнының өзінде 20-ға жуық «Болашақ» түлегі жұмыс істейді. 

Иван Родилюк - Тәуелсіздік құрдасы. Докторантура бойынша Швецияның танымал Лунг университетін су ресурстарының инженериясы мамандағы бойынша тәмамдаған. Биыл Торайғыров университетіне қызметке орналасты. Мақсаты - өндірістік қалдық  салдарынан ластанған су мәселесін зерттеп, шешімін табуға атсалысу.

Иван Родилюк, PHD докторы:

- Ғылыми жұмысым өндіріс ошақтарының зияны салдарынан жерасты суларының ластануына арналды. Лунг университетінің химия кафедрасы әлемдегі үздік 20 ұжымдардың қатарында. Бұл жаһандағы күрделі проблема. Осы тақырыпты таңдауым сондықтан. Диссертациямды табысты қорғадым. Мәселені дер кезінде шешпесек, қоршаған ортамызға экологиялық қауіп төнеді.

Ал Айнаш Құдышева Швецияда біліктілігін арттырып, кейін АҚШ-тың Оңтүстік Калифония университетінде білім берудегі кеңесші мамандығы бойынша оқыған. Зерттеу жұмысы осы тақырыпқа арналған. Бүгінде жастардың 30 проценті мамандық бойынша еңбек етуге дайын емес. Бұл зерттеу нәтижесі. Сондықтан ол өз жобаларын осы проблемаға арнапты. 

Айнаш Құдышева, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Ғылыми-педагогикалық өтілім 16 жылдан асты. «Болашақ» бағдарламасының арқасында тәжірибемді жетілдірдім. Мен танымал ғалымдармен жұмыс істедім. Қоғамдағы «мамандық таңдау», «мансаптық өсу» мәселелерін тереңнен зерттедік. Шетелде бұл бағыт кеңінен дамыған. Алған білімімді осындағы тәжірибеммен ұштастырудамын.

Әлемнің тәжірибені іске асырып жүргендердің қатарында Серік Ілиясов та бар. АҚШ-тың Оңтүістк Калифорния университетінде жоғарғы білім беруді басқару бағытында білім алған.

Серік Ілиясов, саясаттану ғылымдарының кандидаты:

- Америка университеттері жоғары білім беру үрдісін басқару бойынша үздік. Сондықтан негізгі мамандығым бойынша озық тәжірибені меңгеру үшін оқуға түстім. 40 жасымда болашақтық атандым. Бұл бағдарлама мақсаттарыма қол жеткізіп, өз ісімнің шебері атануға сеп болды.

Бүгінде оқу орнында 20-ға жуық стипендия иегері бар. Жастардың тағы бір легі оқуға түсуге дайындалып жүр.  

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат