Маңғыстау облысы балабақшамен 100% қамтылды

Өңір халқы бала туу көрсеткіші бойынша елде алдыңғы қатарда. Мұнда жылына 20 мыңдай сәби дүниеге келеді. Соған орай мектептерге сұраныс жоғары. Қазір аймақта 143 білім беру мекемесі бар. Оларда 167 мың бала оқиды. Ал 2025 жылы оқушы саны 207 мыңға жетеді деген болжам бар. Сол үшін 3 ауысымды мектептерден арылу мәселесі қаралып жатыр.

- Неше алдың бүгін?!

- 5!

- Ой, молодец. Папасына ұқсаған...

Әлібек Дүйсен 7 баланың әкесі. Әрқайсысына үй тапсырмасын орындауға көмектесуі үйреншікті іске айналған. Бұл отбасы ұзақ жылдар жер үйде тұрды. Сол сәтте отағасы барлық уақытының перзенттерін бөбекжай мен мектепке көлікпен тасуға кеткенін айтады. 2 жыл бұрын жаңа шағын ауданға қоныс аударған соң жағдай өзгерген. 

Әлібек Дүйсен, қала тұрғыны:

- Құдайға шүкір, қалаға көштік. Қазіргі таңда барлығы да үйіміздің жанында. Балабақшасы, мектептен де басқа дамыту орталықтарына да қатысады ғой балаларымыз. Олар қазір өздері барады. Тек келе жатқанда, кетіп бара жатқанда терезеден қарап тұрамыз пешеходтан өткен кезін.

1991 жылы өңірде 151 бөбекжай болған. Тәуелсіздік жылдары олардың саны 327-ге жетті. Ал мектеп саны 86-дан 143-ке көбейді. Кейбірінде қызмет өтілі 40 жылдан асқан ұстаздар жұмыс істейді. Людмила Рябова Ақтаудағы мамандандырылған ІТ-лицейде географиядан сабақ береді.

Айтуынша, бұрын сыныптарда глобус, тағы басқа оқу құралдары жетіспепті. Қазір әр оқу кабинеті компьютермен жабдықталған.

Людмила Рябова, ұстаз:

- Тәуелсіздік жылдары өңірдегі мектептер мүлде өзгерді. Бірінші кезекте, техникалық жарақтануын айтар едім. Интерактивті тақта, компьютердің ұстаздың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білімге деген ынтасын көтере түскені анық. Мұғалімдердің үнемі біліктілік арттыру курсынан өтуі бала оқытуды заман ағымына сай түрлендіруге мүмкіндік беріп отыр.

Биыл жалпы сыйымдылығы 1500 орындық 2 мектеп қолданысқа берілді. Тағы 6 жекеменшік білім ұясы ашылды. Облыста тағы 8 білім беру нысаны бой көтеріп келеді. Бір қуантарлығы, мектеп түлектері сұраныс жоғары мамандықтарды туған жерде меңгеріп жұмысқа тұрып жатыр. Мәселен, туризм колледжін бітіргендердің 84 проценті тұрақты табыс көзін тапқан.

Жәния Сармұрзина, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Жылда Түркия мемлекетіне барып сол жақтан тағылымдамадан өтіп келіп отыр оқытушылар, студенттер. Сонымен қатар көршілес Ресей мемлекеті соның ішінде Астраханьмен жақсы байланыста. Аспаз, кондитер сонымен қатар бұрын сылақшы, тас қалаушымен шектеліп келсек, қазіргі таңда сметаны жүргізуші, VIP-үлгілеу бойынша құрылыс саласында да жаңа мамандықтарды ашып осы бағытта дамытып отырмыз.

Маңғыстауда биыл қаңтар-қараша айлары 19 мың 494 сәби дүниеге келді. Тағы осынша бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Өңірдегі 18 білім беру ұйымында сабақ 3 ауысыммен жүреді. Мәселені шешу үшін таяу жылдары 35 мектеп салу күн тәртібінде тұр. Олардың құрылысы қазынадан және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаржыландырылады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев