СҚО-да шаруа карта бетінен жойылып кеткен ауылды қайта жаңғыртты

Болашағы бұлыңғыр ауылдардың санын қысқарту үшін елді мекендерде мал шаруашылығын дамыту қажет. Бұл солтүстік қазақстандық шаруа Бахыт Құсайыновтың ұстанымы. Азамат кіндік қаны тамған жерде тауарлы-сүт фермасын салып, карта бетінен жоғалып кеткен Прекрасное ауылын қайта жаңғыртты.

Лариса Боровская былтыр отбасымен Тараз қаласынан Прекрасное елді мекеніне қоныс аударды. Оларға жаңа баспана беріліп, жолдасы екеуі шаруашылыққа жұмысқа қабылданды. Үш баласы бар ана бұйыртса, қазір төртінші сәбиін күтіп жүр.

Лариса Боровская, Прекрасное ауылының тұрғыны:

- Шағын ғана ауыл болса да баспанамыз орталықтандырылған жылуға қосылған. Су іште. Қалалықтармен бірдей өмір сүріп жатырмыз. Күйеуім мал дәрігері, ал мен сауыншымын. Ең бастысы, тұрақты жұмысымыз бар. Үлкен баламыз да оқуын бітірген соң осында жұмысқа орналасады.

Прекрасное қайта жанданады дегенге көбі күмәнмен қарады. Өйткені тоқырау жылдары барлық ғимараттар қирап, ауыл әбден тозды. Электр қуаты да болмаған елді мекенде бір ғана үй қалған еді. Ал қазір бәрі басқаша.

Владимир Горбатовских, Прекрасное ауылының тұрғыны:

- Бұл жердің табиғаты өте әдемі. Ұнаған соң қаламыз деп шештік. Көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Себебі қаланың күйбелең тіршілігінен әбден шаршадық. Өзім осында мал бағамын. 

Туған жерін түлетіп, елді еңбекпен қамтып отырған Бахыт Құсайынов. Азамат 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын ашып, шетелден асыл тұқымды сиырларды сатып алды. Осылайша тағы 30 адам жұмысқа орналасты.

Бахыт Құсайынов, шаруа:

- Жоба құны 1,6 миллиард теңге. Шетелден алған малдардың алғашқы легі жетті. Қалғаны әлі жолда. Жалпы әр азамат туып өскен жеріне пайдасын тигізу керек деп ойлаймын. Сондықтан 2012 жылы осында көшіп келіп, жұмысты бастадым. Осы уақыт аралығында 29 баспана тұрғызыппыз. Бұл шаруалар әлі де жалғасады. 

Биыл елімізде 29 осындай ферма ашылды. Оның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысында. Сәтін салса келер жылы мұнда шағын орталық, медициналық бекет және демалыс орталығы салынады. Осылайша Прекрасное ауылы бұрынғыдай атына заты сай болмақ. 

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев