Қазақстанның әр азаматы тіл мен дәстүрді құрметтеуі тиіс – Дмитрий Ромащенко

Ұлты украин Дмитрий Ромащенко Абайдың қара сөздерін жатқа біліп, ұлы ақынның шығармаларын сүйіп оқиды. Қостанайда тұратын жігіт қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Тіл үйренуде ынта керек. Ол әр азаматтың өзі тұрып жатқан елдің тілін, дәстүрін құрметтеуі тиіс екенін айтады.

Дмитрий Ромащенко Ресеймен іргелес Федоров ауданының тумасы. Орыс тілді ортада өсіп, ер жетті. Алты жыл бойы орыс мектептерде қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Оқушылары мұғалім берген тапсырмаларды мүдірмей орындап, оны режітпеуге тырысады.

Алтынай Дөненбаева, мектеп оқушысы:

– Өзім орыс мектепте оқимын. Бірақ Дмитрий Сергеевичтің сабағы маған қызықты болады және қазақ тілін жетік білемін. Жайдан-жай ұрыспайды. Керек уақытта ұрысады. Себебі балалар оны тыңдамауы мүмкін.

Дмитрий әріптестері арасында өте сыйлы. Алдына мақсат қойып, үнемі ізденісте жүретінін айтады олар.

Орынкүл Баяхметова, М.Горький атындағы мектеп гимназияның оқу меңгерушісі:

– Ол кез келген ұжымда, ортада тез тіл табысады. Ақ көңілдігі, кішіпейілдігі, мақал-мәтелдеп қазақша сөйлегеннің өзінде ерекше өзін баурап алады. Біз оны ұжым ретінде қыздар арасында оны өте жақсы көреміз.

Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ мемлекеттік тілді үйренуді - басты парыз деп санады. Бұл ретте қолдау білдірген ұстаздардың көмегі көп тиген. Оның талабын ұштап, қанатын қатайтты. Тілдік орта болмаса да, қазақша бір кісідей сөйлейтін деңгейге жетті.

Дмитрий Ромащенко, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

– Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар ғой. Мен оларды әріптестер деп атаймын. Олардың жағдайы, тарихы басқаша. Олар айтады мен қазақ балаларымен далада жүгіріп, қазақша сөйлеуге тырыстым деп. Менде ондай жағдай болған жоқ. Менде орта болған жоқ. Менде орта тек университетте болған. Тілді үйрену оңай емес, үйрету де оңай емес. Ол үлкен уақытты талап етеді. Адамның жеке қалауын және ықыласын талап ететін үдеріс.

Украин жігітінің қазақша саналы түрде оқыған алғашқы кітабы Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы екен. Жалпы қазақ тілінің ерекшеліктерін, болмысын тануда Абайдың туындылары ықпал еткен.

Дмитрий Ромащенко, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Абайдың қара сөздерін білесің бе? Студенттік кезде бесеуін білдім деп айтуға болады. Он алтыншы сөзі мынадай қателеспесем. Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой.

Дмитрийдің тіл үйренудегі басты әдістемесі - сөздерді жаттау. Жаңа сөздермен күнделікті жұмыс істейді. Ұстаздықпен қатар болашақта педагогика және психология мамандығының магистранты атанбақ.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров