Елорда тұрғындары қандаладан құтылудың амалын таппай отыр

Елордадағы үйлердің 30 процентін қандала қаптап кетті, деп хабарлайды Хабар 24.

Тұрғындар осылай деп дабыл қағуда. Мамандар бұны жалға берілетін пәтердің көптігімен байланыстырады. 5 қандала көзге көрініп тұрса, тағы 95-сі жасырын жүр деген сөз. Елордадағы пәтерлердің бірін залалсыздандыруға келген дезинсекторлар осылай дейді.

Дархан Манабаев - дезинсекциялық компанияның техникалық маманы:

– Адамдар қандалананы өздері улауға тырысады. Бірақ бұл бірден жойылатын жәндік емес. Қандаланы жай ғана улағыш зат сеуіп өлтіре алмайсыз. Тек жан-жаққа таратып жібересіз. Оның жұмыртқасы төсекте, жиһазда қалып қойса, он шақты күнде қандала қайта шығады.

Айбарша Дүйсенбайқызы, Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің бас маманы:

– Тұрғындар бірден «қандала үйде бар» деп  айтуға жасқанады. Көршілерінен ұялады. Сондықтан алады да жасырын түрде дезұйыммен байланысады да тек өз үйіне жасайды. Бұл өз үйіне жасады деген сөз ол жан-жақтың бәріне қандаланы жіберді деген сөз. Едендегі, қабырғадағы жарықтар арқылы келесі пәтерге өтеді ол. Келесі пәтерде қандала болады. Ол көрші ешкімге айтпай өзіне жасайды.

Төсек қандаласы тоғыз ай өмір сүреді. Бірақ осы аралықта жәндіктің аналығы 500-ге жуық жұмыртқа сала алады. Оның тез таралатынын осыдан-ақ белгілі. Сондықтан үйде қандаланы байқасаңыз, бірден залалсыздандыру қызметін шақырған жөн.

Азамат Сәбитов, дезинсекциялық компанияның техникалық директоры:

– Залалсыздандыратын ерітінді жәндіктерге қарсы белсенді заттардан тұрады. Адамға қауіпсіз болуы үшін оны сумен араластырамыз. Мына жерде төртінші санаттағы химиялық зат. Яғни ең қауіпсіз.  Дегенмен ерітіндіні дұрыс дайындау маңызды. Сондықтан азаматтарға өздігінен үйді залалсыздандырмауға шақырамын.

Риелторлардың хабарлауынша, елордадағы пәтерлердің 30 процентінде қандала бар. Бірақ санитарлық қызмет өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Айбарша Дүйсенбайқызы, Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық эпидемологиялық департаментінің бас маманы:

– Қаладағы тұрғын үйлердің 30-35 процентінде қандала қаптаған деген ақпарат шығып жатыр. Оған мен келіспеймін. Бізде ондай статистика жоқ.

Дезинсекторлар да ресми ұйымның айтқанымен келіседі. Бірақ қандаланың таралуы қарқыны алаңдататынын айтады.

Азамат Сәбитов, дезинсекциялық компанияның техникалық директоры:

– Проблема бар және бұл күрделі мәселе болып тұр. Қандаламен күресу үшін жан-жақты шара қолдану керек. Мысалы Абу-Дабиде адам тұратын ғимаратта жаппай дезинсекция жасалады.

Мамандардың айтуынша, қандала жылуды ұнатпайды.  Жәндік +54-56 градуста өледі. Сондықтан дезинсекторлар үйді залалсыздандырғаннан кейін заттарды термиялық өңдеу жасаған жөн. Ал киім-кешекті 60 градус температурадағы сумен жуу керек.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков