СҚО-да саудагерлер міндетті таңбалау тәртібін жеңілдетуді талап етеді

Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа жүйенің шарттары тым ауыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Бірінші қарашадан бастап олар әр аяқ-киімді белгілеп, сипаттамалары бойынша есеп беруі тиіс. Камиль Бектеміров Петропавлда 20 жылдан бері аяқ-киім сатумен айналысады. Енді мүлде жабылудың алдында тұр. Кәсіпкерді міндетті таңбалау жүйесі тығырыққа тіреді. Айтуынша, оның шарттары шаш етектен.

Камиль Бектеміров, жеке кәсіпкер:

– 2D сканерін, жаңа кассалық аппаратын сатып алуымыз керек. Оның бәрін қалтамыз көтермейді. Әсерсе бірнеше нүктесі бар кәсіпкерлерге қиын. Тегін қосымшаны пайдаланыңдар деді. Ол жұмыс істемейді. Бұл жүйеден бас тартпаймыз. Бірақ бөлшектеп сатуға шарттары жеңілдетілсін.

Бұл бір ғана кәсіпкердің пікірі емес. Елімізде 1 қарашадан бастап міндетті таңбалау жүйесі енгізілді. Енді олар әр жұпты 20 тармақ бойынша сипаттап, есеп беруі тиіс.

Ангелина Турманаули, жеке кәсіпкер:

– Мен өзім кәсіпкер, өзім сатушымын. Жаңа жүйе енгізілсе IT маманын жалдауым керек. Есеп беру шарттары өте қиын. Сондықтан оны жеңілдетуді сұраймыз.

Шағын сауда нүктелерінің иелері кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Жаңа жобаның шикі екенін олар да айтып отыр. Сарапшылар бір аяқ- киімді таңбалап жүйеге енгізу 10 минутты алады дейді. Біріңғай бағдарлама да бірде істеп, бірде істемей қалатын көрінеді. Басты уәж ол емес.   

Лина Ермолаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Таңбалауды өндірушілер, көтерме сатушылар мен импортаушылар ғана жасау керек. Бұл жүйенің бөлшектеп сату дүкендеріне қатысы жоқ деп ойлаймыз. Сауда және интеграция министрлігі және жобаға жауапты оператормен келіссөздер жүргіздік. Бірақ олар көнбей отыр.

«Пилоттық жобаны жазуға бөлшек саудадан бір-ақ адам қатысты. Сондықтан біздің пікір ескерілмей қалды», – дейді кәсіпкерлер. Бірақ оған жаңа жүйеге жауапты мамандардың өз уәжі бар. 

Мұхаммедхайдар Сеит, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының аяқ киім тауарлық тобы бойынша жоба жетекшісі:

– Қазір көлеңкелі импорттың үлесі 48,5 процент. Сондықтан да міндетті таңбалау жүйесі енгізіліп отыр. Тағы бір себебі – бұл заңды бизнеске мол мүмкіндік береді. Тұтынушылар да нақты ақпарат алады. Ал бөлшектеп сататын кәсіпкерлерге бір-ақ талап қойылған. Ол аяқ- киімді айналымнан бақылау- кассалық аппарат арқылы шығару. Болды.

Кәсіпкерлер бұған дейін сатып алып қойған аяқ-киімдерін әзірге таңбалаусыз өткізе алады. Бұл міндет келер жылдың 1 сәуірінен бастап толық күшіне енеді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов