Пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалаған қазақстандықтарға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады

Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық заттардың саудасы қыза түседі. Дүкен және сауда орталықтарының сөрелері сан түрлі тауарлармен көздің жауын алады, деп хабарлайды Хабар 24.

Алайда мерекенің қызығын ойлағандар қауіпті естен шығарып жатады.Салдарынан жыл сайын зардап шеккендер жетіп артылады.

Ойыннан өрт шықпасын десеңіз, бірқатар талапты ескерген жөн. Сапасыз және қауіпті тауарға тап болмас үшін пиротехникалық өнімдерді арнайы мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек. Әуелі өнімнің қаптамасына назар аударыңыз. Онда нұсқаулық жазылуы тиіс. Міндетті түрде от шашу саны, көлемі және сақталу мерзімі туралы мағлұмат көрсетілуі қажет.

Ерқанат Қарманов, «Байқоңыр» ауданының ТЖБ бас маманы:

– Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда оның салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Пиротехниканы нұсқаулық бойынша пайдаланбай, соңы өртке ұласқан оқиғалар да болған. Біріншіден, мұндай тауарларды сату үшін арнайы сертификат болу керек. Оны саудагерлерге полиция департаменті береді. Сертификаттау талаптары бұзылған, мерзімі өтіп кеткен өнімдерді сатуға және пайдалануға тыйым салынады.

Отшашудың түрі көп. Олардың кейбірі ауада, енді бірі жерде атылады. Сондықтан адамдар жарылғыш заттан мүмкіндігінше алысырақ, арқасын беріп тұруы керек. Сондай-ақ сарапшылар пиротехникалық өнімді мұз, асфальт, бетон сияқты тегіс жерге қойған жөн дейді. Алайда қауіпсіздік талаптары мұнымен де шектелмейді.  

Алдияр Қошан  «Байқоңыр» ауданының ТЖБ инженері:

– Жабық бөлмелердің ішінде, тұрғын үйдің ішінде, көп қабатты үйлердің балкондарынан төбесінен фейрверк, салютты қолдануға болмайды. Тұрғын үйлерден 20 метр ара қашықтықта қолдану керек. Ең бірінші алатын алдында қарау керек, фитильдары 20 мм-ден артық ұзындығы болу керек. Кішкентай балаларға қолдануға, сатуға болмайды.

Жергілікті полиция департаменті өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын мереке қарсаңында рейд ұйымдастырады. Іс-шараның нәтижесінде заң бұзу деректері жиі анықталады. Пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалағандарға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 

Авторлары: Әнел Еділқызы, Жандос Битабаров