Баршаның назарына! Алматыда дыбыстық сигнал іске қосылады

21 желтоқсан күні сағат 10:10-да қалада сирена дыбысы қосылатыны ескертілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара республика бойынша азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесін тексеру аясында жүргізіледі. Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мәлім еткендей, төтенше жағдайлар туралы халықты құлақтандыру және хабардар ету тұрғындарды апаттың немесе жойқын әсердің теріс салдарынан қорғауға мүмкіндік беретін негізгі қауіпсіздік шарасы болмақ. Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында электр дабылдарын және сиреналық-сөйлеу құрылғыларын (дауыс зорайтқыштарды) қысқа мерзімге қосу, теледидар және радиоарналардың эфирін ұстау, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларда ақпаратты орналастыру көзделеді. «Баршаның назарына!!!» дыбыстық сигналы – бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындаған кезде барлық шұғыл хабарламаларды берудің алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту сигналы. Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу керек, апат туындаған жағдайда одан әрі әрекет ету туралы нұсқаулар алу үшін интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпаратты оқып шығу керек. Құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізу құлақтандыру жабдығын әзірлікте ұстауға және халықты болуы мүмкін төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Сонымен қатар қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы тексерілетін болады.