Қолданыстан шыққан көліктерге салық амнистиясын жариялау керек – Қаржы министрі

Бүгін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет сағатында осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Мәлім болғандай, e-salyq Azamat қосымшасы арқылы 10 мыңнан астам тұрғын көлік салығына қатысты мәліметтерді түзетуге өтініш білдірген. Кей азаматтардың салық салатын мүлкі болмаса да жүйеде берешегі бар деп көрсетілген. Депутат Жұлдыз Сүлейменова келтіргендей, ішкі істер және қаржы министрліктері өзара мәлімет алмасқан кезде жүйе қате мағлұмат жариялайтын көрінеді. Мұндай олқылық неден туындайды және оның орнын қалай толтыруға болады деген сауалға Ерулан Жамаубаев түсініктеме берді. Қаржы министрі көлікті сенімхат негізінде сату кезінде жүйенің жиі қателесетінін мойындады. Сонымен қатар шетелге қоныс аударған не қайтыс болған азаматтар туралы ақпар баршылық. Сондай-ақ ескіріп, не жол апатынан кейін жарамсыз болып қалған көліктер де жүйеде тұр.

Министрдің пікірінше, осындай жағдайларда салықтық амнистия жариялауға болар еді.  

Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі:

– Ұрланған көліктер бар, бөлшектеп сатылып кеткен көліктер бар, яғни қолданыстан шыққандары. Олардың мемлекеттік нөмірлері шаң басып бір жерде жатуы мүмкін. Осы ретте тіркеудегі көліктердің мәліметтерін жаңарту керек деп ойлаймыз. Керек болса, оларға амнистия жариялауға болар еді. Енді екі-үш жылдан бері техникалық тексерістен өтпесе, еш жерден көрінбесе, демек көлік жүрмей тұр.