Өскеменде белгісіз хайуанға таланып өлген қыздың отбасы есеңгіреп қалған

Өскеменде 7 жасар қызды ит талап өлтірді. Жантүршігерлік оқиға Лесхоз ауылында болды. Ата-анасының айтуынша, бар болғаны жарты сағаттың ішінде қызы қыршыннан қиылған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Қызы Марияның туған күніне бір күн қалғанда қара жамылған отбасы әлі де есеңгіреп отыр. Сол күні анасы кішкентайын жұбатып үйде отырыпты. Ал бүлдіршін «ойнап келемін» деп есік алдына шығып, сол беті оралмаған. Аздан соң оны іздеген ата-анасы жантүршігерлік жағдайға куә болады.

Дарья Орлова, қала тұрғыны:

- Алдымен Машаның жерде жатқанын терезеден көрдім. Бұл неғып жатыр, ойнап жүр ме деп тағы ойладым. Әлде тайып құлап есінен танып қалды ма деп жанұшырып жалаңаяқ атып шықтым. Қызым қимылсыз жатты. Бір аяғын жұлып алыпты. Полицияға туыстарыма хабарластым. Кінәліні тапса екен деймін.

Оқиға қала тұрғындарын дүр сілкіндірді. Әсіресе Лесхоз кентіндегі жұрт алаңдаулы. Өйткені олар осыған дейін де ауылда қаңғыбас иттер қаптап кеткенін айтып, әлеуметтік желі арқылы бұл сұрақты талай көтеріпті. Тіпті көшенің тас қараңғылығын, қоғамдық көлік қатынасының нашарлығын жазып, әкімдікке бірнеше рет шағымданыпты. Мына жағдайды естіп, тағы да наразылықтарын білдірді.

Гүлсина Мұратова, кент тұрғыны:

- Баланың қайғысы, бала жоқ. Балалардың келіп кетуі, барып келуі осы проблемаға байланысты. Сол үшін жиналдық, бізден алыс емес мусорный свалка бар, оны білесізер, талай рет қарастырылып келеді, оң шешімі жоқ, сол жерде көп бос ит жүреді. 

Наталья Ситник, кент тұрғыны:

- Жазда саяжайға келгендер ит асырайды да қыс түсе барлығын босатып, тастап кетеді. Ешқандай жауапкершілік алмайды. Шамамен бір апта бұрын бір бала иттен қашып, дүкенге келіп тығылған болатын.

Әзірге сол үйдің өз иті талауы мүмкін деген болжам бар. Ал кейбірі бұл қасқыр болуы да ғажап емес дейді. Өйткені жазда бірнеше адам осы маңнан түз тағысын көріпті.

Мария Ибрагимова, кент тұрғыны: 

- Жазда тұрғындардың екі рет қасқыр көргенін естідім. Осы жердегі саяжай маңынан байқапты. Бұл жақта үлкен-үлкен алабайлар да жүреді.

Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде деп мәлімдеді. Алдымен сол үйдің өз итінен сынамалар алынып, сараптамаға жіберілді. Бүгін бүлдіршін қыздың жерлеу рәсімі өтті. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов