Сыр бойындағы су тапшылығы кезінде егіні бітік шыққан еңбекқор жан елеусіз қалған жоқ

Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың бүгінгі ізбасарлары ел ырысын еселеу жолында аянып жатқан жоқ. Соның бірі Бесарық ауылының тұрғыны, күрішші Берік Азаматов. Ол соңғы 2 жыл қатарынан Сыр маржанын молынан жинап, үздік атанды. Аймақтағы су тапшылығы кезінде егіні бітік шыққан еңбекқор жан елеусіз қалған жоқ. Мемлекеттік наградаға ие болды. Замандастары арман қуып қалаға кеткенде ауылда қалған, ата кәсіпті жалғаған жас буын өкілі бұл.

- Апа. мынау сізге берілген марапат...

«Менің қандай жетістігім болса, бәрі ата-анамның арқасы». Осылай деп үйіне асыққан Берік мәртебелі марапатын ең әуелі отбасына көрсетіп, сүйіншіледі.

«Ерен еңбегі үшін». Кеудемде жарқыраған медаль  - еселі еңбектің жануы. Ел ырысын еселеу жолындағы сарқыған күш-жігер мен маңдай тердің ақысы.

«Ең бастысы, тек маған емес, күллі ауылдастарыма, Бесарық жұртына, шаруашылық ұжымына берілген марапат деп білемін», - дейді Берік Азаматов.

Берік Азаматов, күрішші:

- Ұжымның арқасында, осындай жетістікке жетіп отырмыз біз. Жора-жолдастарымыз, ұжымымыз бірге атсалысып, бірге жұмыс істейміз. Қиыншылықтарды бірге көтереміз бәріміз.

Соңғы екі жылда Сыр өңірінде су тапшылығы қатты сезілді. Тіршілік нәрінсіз өнімнің де ойдағыдай болмасы анық. Дегенмен, күндіз-түні қолынан кетпені түспеген Берік өзіне тиесілі алқаптың әр гектарынан 89 центнерден өнім жинады. Осылайша 2 мәрте үздіктер қатарынан табылды. Берік ала жаздай үйден гөрі егіннің басында көп болады. Баласындай мәпелегесін күріштің де бітік шығатыны заңдылық, дейді анасы.  

Саракүл Даужанова, бесарық ауылының тұрғыны:

- Азанда 4-те кетеді, түнде тағы кетіп қалады жұмыстарым бар деп. Удобрение деген оңай емес, иығымен арқалап машинаға тиейді, оны тракторға салады, оны түсіруі бар, күрішіне себетіні бар. Әрқашан осы баламның еңбегін бағалап, қатарының алды болғанына мен де қуанып отырмын, әке-шешесі болып.

Берік шаруашылықта тер төккеніне небәрі 7 жыл ғана болған жас буын күрішші. Бірақ алғырлығы мен еңбекқорлығының арқасында оны ауылдастары құрметтеп, Бесарықтың ең көрікті көшесіне үлкен суретін де іліп қойған. Өскелең жасқа үлгі болсын дегені.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов