Көкшетауда заманауи емхана салынып жатыр

Емдеу мекемесінің басқа нысандардан ерекшелігі онда оңалту бөлімдері де болады. Жалпы құны 1 жарым млрд теңгеге жуықтайтын орталықтың құрылысы мен қондырғыларына кететін барлық шығынды жеке компания өз мойнына алған. Яғни жоба мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бойынша жүзеге асады.

«Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңа клиникалық-оңалту орталығының ғимараты қазір өзінің сән-салтанатымен алыстан көз тартады. Нысан келесі жылдың басында пайдалануға берілмек. Мұнда дәрігерлер күніне 250 адамды қабылдай алады. Ал оңалту бөлімшелерінде 100-ден астам пациентке арналған төсек-орын мен заманауи қондырғылар орналастырылады. Ең бастысы, мұнда тек ақмолалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың емделуіне мүмкіндік туады.

Бахтияр Қоңқабаев, клиникалық-оңалту орталығының жетекшісі:

- Құрылыс қазір аяқталуға жақын. Бұйыртса, 20 қаңтар күні нысанды іске қосамыз. Біз еліміздегі барлық медициналық платформалармен жұмыс істейміз. Яғни оңалтуды талап ететін пациенттер мемлекеттік порталмен осында тегін ем қабылдай алады. Олар үшін 200-ден астам медицина маманы қызмет көрсетеді. Қазір олар біліктіліктерін жетілдіріп жатыр.

Ал мұнда нейроинсульт, кардио, травматология және ортопедиялық оңалту бөлімдері болады. Клининалық орталықта үлкендермен қатар балалар да сауықтырудан өте алады. Одан бөлек өңірде теңдесі жоқ гидротерапия да қарастырылмақ. Сондай-ақ нысан жанында осы маңайға қызмет көрсететін жедел жәрдем станциясы да жұмыс істейді.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жалпы облыс бойынша бізде бірнеше медициналық нысан мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Степногорск қаласында осыған ұқсас жаңа емхана бар. Ал Бурабай ауданының емдеу мекемелері 2017 жылдан бері жекенің қолына өткен. Қазір олар халыққа жақсы қызмет көрсетіп келеді.

Мамандардың сөзінше, қазір аймақтағы емдеу нысандарының 10 проценттен астамы жекеменшік. Аталған клиникалық-оңалту орталығынан бөлек биыл жыл соңына дейін Целиноград ауданында бірнеше мемлекеттік медицина мекемелері ашылады, дейді жауаптылар. Ал келесі жылы ауылды жерлердегі фельдшерлік-акушерлік қосындардың біразына жөндеу жүргізіліп, тағы бірқатары жаңадан салынбақ.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко