Қуаңшылық кезде батысқа шөп жөнелткен Құрмет Талапқазы тегін оқуға түсті

«Жылдың ең жас белсендісі» атанған Құрмет Талапқазы мемлекеттік грант негізінде оқуға мүмкіндік алды.

Қоғамдық жұмыстарда ерекше көзге түскен ерікті Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте тегін оқитын болды. Ол «Жергілікті мемлекеттік басқару» мамандағын таңдады. Еріктінің ерлігін бағалаған оқу ордасының ректоры екінші курстан бастап білімін жалғастыратынын айтады.

Еске салайық, ала жаздай Батыстағы қуаңшылықта жұрттың мал-жанын ойлап, тонналап шөп жөнелтуге себепкер болған Құрмет қоғамның ықыласына бөленген еді. Елдің бірлігін көрсетіп, жақсылық жасауға жұмылдырған ол, «Халық құрметі» марапатына ие болды.

Дария Қожамжарова, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры:

- Құрметтің өзімен сөйлескен кезде білімге деген құштарлығы мықты. Ол баламыз сабақтарын алып кетеді деп ойлаймыз. Бізде қоғамдық ұйымдар өте көп. 29 мыңнан астам баламыздың 50 %-і осындай қоғамдық ұйымдарда. Осылардың ішінде Құрмет өзінің орнын таба алады деп ойлаймыз.