ШҚО-дағы зауыттан шыққан қою түтін ауа ластауыш хлор болуы мүмкін

Бүгін «Өскемен титан магний комбинаты» АҚ аумағынан аспанға қою түтін көтеріліп, тұрғындардың зәресін алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Видеоны түсірген адам комбинат цехтарының бірінен хлорлы бу шығып жатқанын айтқан. Осыдан соң облыстық экология департаменті мамандары кезектен тыс тексеруді бастады. Ал комбинат басшылығы түсініктеме беруден бас тартты. Тек өндіріс қалыпты жағдай жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Экологтар өндірістің санитарлық аумағындағы ауада хлордың мөлшері рұқсат етілген көрсеткіштен төрт жарым есе артық екенін анықтады. Бұл ақпаратты облыстық «Қазгидромет» орталығы да растап отыр.

Рауан Тұраров, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

– Сағат 12:15-те бізге ақпарат келіп түсті. Он екі отызға таман біздің қызметкерлер осы ауданда болды. Санитарлық қорғау аймағында өлшеу нәтижесіне қарағанда рауалды консентрациядан 4,5 хлор ластаушы заттар ауытқу байқалып тұр. Енді оның дәл осы «Титан магний комбинаты» АҚ-ның әсерінен деп айту үшін қазіргі таңда тікелей ластаушы көздің өзінен сынама лау керекпіз. Соған сәйкес біз прокуратура мекемесінде жоспардан тыс тексерісті тіркедік. Міне, мекеменің басшылығын таныстыру жұмысын жүргіземіз.

Өскемен титан-магний комбинаты – әлемдегі ірі интеграцияланған салалық кәсіпорындардың бірі. Зауыт өнімі әлемнің барлық аэроғарыш өнеркәсібінің сертификациясынан сәтті өткен. Жалпы жаһандағы титан нарығының 11 проценті Қазақстанның үлесінде. Әлемдік титан нарығының 18 проценті аэроғарыш, кеме құрастыру, медицина салаларында және мұнай мен химия өнеркәсібінде қолданылады.