Шымкентте вакциналау науқаны жалғасуда

Мегаполистегі сегіз мыңға жуық жасөспірімнің ата-анасы коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналауға келісім берді, деп хабарлайды Хабар 24.

Pfizer вакцинасын 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар жоспарлы түрде алып жатыр. Сондай-ақ жүкті және емізулі баласы бар әйелдер де тегін екпе  салдырып жатыр. Таңнан бері емханаға ағылып, өз кезегін күткен жасөспірімдер Pfizer вакцинасын алу үшін тексеруден өтіп жатыр. Ата-анасының келісімін алғандар дәрігер қабылдауында отыр. Медициналық оқу ордасына биыл ғана қабылданған Мырзабек те екпені елмен бірге алуға келіпті.

Мырзабек Өмірзақ, қала тұрғыны:

– Ата-анаммен келісе келе, шешім қабылдап, салдырттым. Сосын бәрі жақсы өтті. Ойдағыдай бәрі. Салдыртқан өз денсаулығымыз бен және өзге адамның өміріне де пайдалы.

Кезең-кезеңімен екпені қабылдап, қаланың қорғаныш күшін арттырғандар енді ревакцинацияны да алғашқылардың бірі болып салдырып жатыр. Әуелі медицина мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері  үшінші компонентті алды. Ауырсыну жағдайы байқалғанымен, асқынулар тіркелген жоқ.

Жанайым Полат, инфекционист:

Салған орнында қызару, ісіну, ауыру сезімі болуы мүмкін. Яғни 3 күн көлемінде әлсіздік, буындар ауруы және дене температурасы көтерілуі мүмкін. Бұл жанама әсерлерін біз қалыпты жағдай деп есептейміз. Олардың арасында ешқайсысында ауыр аллергиялық реакция немесе асқынулар жоқ.

Қалада екпені қабылдау үшін 40 емхана таңнан кешке дейін демалыссыз жұмыс істейді. Одан бөлек мектептердің медициналық пунктері де бар. Ал кәсіпорын мен жұмысшы ұжымына жылжымалы мобильді бригаданы шақыртуға болады.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Біз жасыл аймақтамыз. Бізде ауруханада реанимация бөлімшесінде 14 науқас жатыр. Жалпы емделіп жатқан науқастардың саны қазір 70. Жалпы ревакцияналау 12 мыңнан асып отыр. Әрине ол өзінің кезегімен келіп жатқандар.

Қазір мегаполистің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Сонда да дәрігерлер індет ілмегінен оңай шығу үшін вакциналау қарқынын жоғалатпау керек деп есептейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов