loader


Елордада тоғыз тұрғын үй алабы көгілдір отынға қосылды

Бас қаладағы 9 тұрғын үй алабы және 2 жылу электр станциясындағы 13 қазандық газға қосылды. Сондай-ақ бұған дейін дизель отынымен жылытылған 21 әлеуметтік нысан жыл соңына дейін көгілдір отынға ауыстырылады, деп хабарлайды Хабар 24.

Нәтижесінде осы нысандарды жылытуға жұмсалатын бюджет шығыны үш есе азайып, ауаға бөлінетін улы газдың үлесі 40 мың тоннаға төмендейді. Елорданы газдандыру жұмыстары басталғалы 2 мыңдай тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Қазір Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Железнодорожный, Өндіріс, Оңтүстік-шығыс, Күйгенжар, Мичурина және Интернацональный тұрғын алаптарындағы әрбір үйдің тұсына газ құбыры тартылған.  Яғни 200 мың тұрғын үйін көгілдір отынмен жылытуға мүмкіндік алды.

Евгений Погорелов, Алматы ауданының тұрғыны:

– Көмір жағу қиындау болатын. Үнемі тасып, күлін шығару керек. Қазір газ автоматты жүйе арқылы жұмыс істеп тұр. Өзім де, газды қостырған көршілерім де риза. Бұған дейін оңтүстік-шығыс маңайына жақындағаннан бастап қалың түтін басып тұратын. Қазір айтарлықтай азайды. Енді барлық тұрғындар қосылса, ауа тазарады деп ойлаймын. Оның үстіне ыстық су мәселесі де шешіледі. Ақысы көмірден арзан болмаса да өте қолайлы. Әрі қоршаған ортаға пайдасын көзбен көрдік.

Тұрғындардың көгілдір отынға қосылуын жеделтету үшін әкімдік бірнеше жеңілдік қарастырған. Яғни әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін газ құбырын кіргізуге 270 мың теңге қайтарымсыз көмек береді. Есептеуіш құралдары тегін үлестіреді. Бұған қоса екінші деңгейлі банктен 1,5 жылға 750 мың теңге пайызсыз несие алуға мүмкіндік бар.  

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Қоршауына дейін әкеліп шығарып қоямыз. Әрі қарай кіргізу үшін қазіргі жүріп жатқан заңнамаға сәйкес әрбір тұрғын өз есебінен жасайды. Тарату желілерінің құны әр түрлі деңгейде. Орташа шамамен 600-700 мың деңгейінде. Егерде газ жабдығын санамағанда тек қана газ жабдығын 30 метрге дейін газ құбырын тарту бізде бұрын 250 мың теңге болса қазір біздер осы құнды 170 мың теңгеге дейін түсірдік.

Бүгінде елордада газды үйге тарту жұмыстарымен арнайы рұқсат алған жүзге жуық компания айналысады. Көгілдір отынның тарифі 38,9 теңге деп бекітілген.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа, Ерзат Зайытхан

Сондай-ақ...