Елімізде балаларға арналған тегін үйірмелер қолжетімді ме

Қазақстанда 150 мың бала спорт және шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады. Бұған жан басына шаққандағы қаржыландыру есебі сеп болып отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Шенеуніктер мамыр айында іске қосылған бағдарлама бұқаралық спортты дамытуға серпін бергенін айтады. Дегенмен қазақстандық жеткіншектердің бәрін бірдей спортқа баулу мүмкін бе?

Бұл – елордада ұйымдастырылған каратэ үйірмесінің залы. Бұл жерде көбіне ересектер жаттығатын еді. Залдың кестесіне енді 4 пен 17 жас аралығындағы балалардың жаттығуына арналған сағат енгізілді. Қуантарлығы сол, балақайлардың дені үйірмеге тегін қатысады. Мәселен, бұған дейін спорттың ешбір түрімен айналыспаған Аят Қалиақпар залға бір айдан бері үзбей кеп жүр.

Аят Қалиақпар, спорт үйірмесіне қатысушы:

– Осы спортпен айналысуды жалғастырамын деп ойлаймын. Себебі жаттықтырушы және осы жердегі балалар жақсы. Маған спорттың өзі де қатты ұнайды.

Иә, балалардың спортқа ден қойғаны қуантады. «Көбірек келсе, залды ұлғайтып, барлығын қуана қабылдауға дайынбыз», дейді бапкер Данияр Әлимусинов.

Данияр Әлимусинов, каратэ бапкері:

– Қазіргі уақытта қырық шақты бала айналысады. Жаздан бастап Жерұйық паркінен бастадық. Сол кезде сол ауданның балалары жинала бастады ақырын-ақырын. Нәтижесінде қазір осында кеп жүр балалар. Ата-аналарымен хабарласамыз, барлығы рахметін айтады.

Елімізде спорттық және шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққанда қаржыландыру бағдарламасы мамырда іске қосылған. Қазақстандағы 98 кәсіби клубтың қаржысы қайта қаралып, нәтижесінде балалардың спортпен тегін айналысуына 7 млрд теңге бағытталды. Осылайша әрбір облыс бала санына қарай жергілікті бюджеттен жеке меншік спорт үйірмелеріне қаражат құйды.

Аймақтар бойынша Алматы қаласы мен Қарағанды облысына бөлінген қаражат 1 млрд-тан асқан. Ал бағдарламаға ең аз қаражат бөлген облыстардың қатарында Түркістан мен Жамбыл тұр.

Рүстем Байсейітов Алматы қаласы спорт басқармасының жетекшісі:

– Бүгінде  футбол, каратэ, шахмат ойыны, жүзу мен таэквондо үйірмелері сұранысқа ие. Жан басына шаққанда қаржыландыру бойынша балаларға арналған осы үйірмелері көш бастап тұр.

Айгүл Бектенова, спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары:

– Бұл бизнеске де бір жағынан жақсы. Мысалы, бұл бастамаға қатысушылар саны басында 220 болса, қазіргі кезде олардың саны 1500-ге дейін жетіп отыр. Одан кейін қазір 71 ғана спорт түрі енгізілген. Бірақ ата-аналардың қандай спорт түрін көбірек таңдайтынына байланысты қазір сараптама жүргізіп тағы да қосымша осы жобаға 60 спорт түрін енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2025 жылға дейін бұқаралық спорттың қолжетімдігін қамтудың нақты жоспары құрылып, тиісті жағдай жасалуы керек. Спорт және дене шынықтыру комитетінен хабарлағандай, келер жылы қаржыландыру көлемін 20 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. «Осыншама қаржының орта жолда қолды болмауына кепілдік бар ма?» деген сауалға, құзырлы ведомство өкілі былай деді. 

Айгүл Бектенова, спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары:

– Барлығы Артспорт.еду.кз сайты арқылы жасалады. Әрбір қызмет көрсететін мекемеге талаптары қойылған. Одан кейін әр ата-ана өзі бақылауда ұстайды. Әр айдың аяғында ата-анаға табель келеді, баласы шынымен де барған болса, сол табельді толтыру арқылы одан кейін ғана мемлекет қаражатты қызмет көрсетуші ұйымға аударады.

Айгүл Бектенованың айтуынша, балалардың спорт залдарда емін-еркін жаттығуы үшін жан басына 80 шаршы метр қарастырылуы тиіс. Яғни барлық баланы тегін үйірмемен қамтуға 1,5 млн шаршы метр керек. Бүгінде бұл көрсеткіш 900 мың ғана. Демек алдағы үш жылда бұқаралық спортқа қажет инфрақұрылымды дамытуға әлі талай күш жұмсалады.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Дариға Тәшенова, Жандос Сұлтанғазы