Ақмола облысында коронавируспен ауырғандар саны төмендеп келеді

Бүгін Ақмола облысы «жасыл» аймаққа көшкеніне қарамастан, карантиндік шектеулерді жеңілдету туралы шешім жеті күннен кейін анықталады, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы брифингте Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.
Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, облыста коронавирустық инфекцияны жұқтыру дерегі бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақтанды. Бүгінде облыс «жасыл» аймаққа ауысты. Бірақ ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес карантиндік шектеу шараларын жеңілдету «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа көшкеннен кейін жеті күннен соң ғана жүргізіледі, сондықтан «сары» аймақ бойынша барлық шектеу шаралары жеті күн бойы қолданылады.

«Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда ауру деңгейі 416-дан 365 жағдайға дейін немесе 12,2 процентке төмендегені байқалады. Бір тәулік ішінде 39 жағдай тіркелді, оның екеуі 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында», – деп атап өтті А.Мусина. Инфекциялық стационарда 321 науқас ем алуда, оның ішінде 241 науқас COVID-19 және 80 науқас коронавирирус белгісі жоқ пневмония диагнозымен түскен.

Сондай-ақ 36 науқас жансақтау бөлімінде, олардың үшеуінің жағдай өте ауыр. Бұл ауырғандардың барлығы вакцина алмағандар. Инфекциялық стационарлардағы төсек орындардың 35%-не ғана науқастар орналасқан. Сонымен бірге бір тәулікте оқушылар арасында төрт жағдай тіркелді. Оның екеуі Шортанды ауданында және бір-бірден Көкшетау мен Степногор қалаларында.

Айта кетейік, оқу жылының басынан бастап оқушылар арасында 218 жағдай, ал жоғары оқу орындарының студенттері арасында короновирус инфекциясына шалдығудың 33 жағдайы тіркелді.