Сырдарияның суы тартылып барады

Елімізде киік саны 2 жарым есеге өсті. Бүгінде ел аумағында 800 мыңнан аса ақбөкен бар. Мұны Экология, геология және табиғи ресурстар министрі айтты. Браконьерлікпен күрес күшейтілді. Бірқатар қылмыстық топтың жолы кесілді. Оның үстіне биылғы қыркүйекте Ресеймен киіктің трансшекаралық популяциясын қорғау жөніндегі келісімге қол қойылды. Сондықтан киік басы өсіп келеді, деді Серікқали Брекешев. Бұдан бөлек министр биыл Арал теңізі табанының 100 мың гектар жеріне сексеуіл егілетінін атап өтті.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі

Ал Сырдария ше? Бір анығы Арал-Сырдария бассейні өзге елдің суына тәуелді. Қазақстан аумағындағы бассейндер қажеттіліктің небәрі 9-ақ процентін жабады. Сондықтан министрлік өкілі көрші елдермен бірлесе отырып, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз, деді.

Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Сырдария өзенінің арнасы тартылып барады деп айтуға болмайды. Сырдария өзенінің сулығы азайып келеді. Ол біріншіден, табиғи құбылыс. Осымен төртінші жыл сулығының азаюы жалғасып келеді. Оған қыс мезгілінде қардың аз түсуі, жауын-шашынның аз болуы себеп болып отыр. Су Қазақстанға келем дегенше, жоғары жақта бірнеше ел бар – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан. Бұл елдерде де суға мұқтаждық бар.