Ақтөбеде шырша саудасына тыйым салынып, базарлар тексеріліп жатыр

Ақтөбеде табиғи шыршаның саудасына тыйым салынып, базарлар тексеріліп жатыр. Одан бөлек орманды алқаптар тәулік бойы күзетке алынды. Жасыл шыршаны отағандар заң алдында жауап береді.

- Шыршаның талдарын қай жерден әкеліп жатырсыз?

- Ресей Федерациясынан!

- Неше тал алып келдіңіз?

- 1100 тал.

Полиция мен табиғатты қорғау инспекциясы қызметкерлерінің бірлескен рейді бірнеше күннен бері жүріп жатыр. Қалада шырша саудасы қызған. Негізінен жасанды шыршалар сатылып жатыр. Табиғи, жас талды жасырын саудалап жүргендер де бар. Бірнеше кәсіпкер көршілес Ресейден әкеліп, базарларға таратқан.

Серік Елеуов, табиғат қорғау полициясының аға инспекторы:

- Жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау қағидаларын бұзғаны үшін 28 факт анықталды. 5 факт базардың айналасында сатылған, жолдың бойында сатылып жатқан шыршалар ғой.

Қылқан жапырақтыны қорғау орман алқаптарында да күшейтіліп жатыр. Қала аумағындағы екі аумақ күндіз-түні бақылауға алынған. Кезекшілікке түскен әр маман орманға келген көлік пен адамды тоқтатып, тексереді. Егер тал шапқаны немесе зақымдағаны анықталса, 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Кәсіпкерлік нысандары мен заңды тұлғаларға қарастырылған жаза да қатаң. Дегенмен, соңғы үш жылдан бері, орманды жерлерде өрескел заң бұзушылық тіркелмеген.

Марат Құспанов, «Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ директоры:

- Бізде жалпы орманшылардың саны - 78. Соның 20-25 осы жаққа ұйымдастырдық. Қазір суткалап дежурить етіп жатыр. Машина берілді, ГСМ бөлінді. Белсенділер бар. Олар да түнде осы жерде, сосновй борда демалады, жүреді. Бізге фактілер болса звондайды.

Орман алқаптарында күшейтілген бақылау жұмысы отыз бірінші желтоқсанға дейін жүреді. Қазірдің өзінде бұл шараға облыс бойынша 38 мобильді топ жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, аймақтағы 218 мың гектарды құрайтын мемлекеттік орман қорының тек 1300 гектары ғана қылқан жапырақты. Ал қарағайдың үлесі бір процентті құрайды. Жіті бақылау болмаса, жойылып кетуі мүмкін.

Ғабит Қылышбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Облыс аумағында қарағай, қылқан жапырақты ағаштардың, сонымен қатар сексеуіл екпелерінің үлесі аз болғандықтан орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерімен оларды көбейту, қорғау шаралары басты назарда тұр. Алдағы уақытта мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес, осы аталған ағаштарды жоспардан артығымен тыс орындау көзделіп отыр.

Ал жаңа жыл мерекесінде тек жасанды шырша қолдануға болады. Бүгінде олардың орташа бағасы қалада 15 мың теңге.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев