2022 жылды «Мемлекеттік тіл жылы» деп жариялау ұсынылды

Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілу керек. Ал ұлт ағартушысының  туған ауылы мен ауданында мемориалдық кешен салу қажет.

Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа осындай депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары Ахаңның туған жеріне күні бүгінге дейін оның есімі берілмегенін айтып, аймақ басшысын өткір сынап тастады. Бұл ретте келер жылы Алаш зиялысының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатынын еске салды. Осы орайда 2022 жылды «Мемлекеттік тіл жылы» деп жариялау ұсынылды.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі тиіс! Ал әкім Архимед Мұхамбетовтің 6 жылдан астам уақытта ол жаққа аттап баспағанын ел шулап жазуда. Яғни Аханның туған жеріндегі тойдың ойдағыдай өтуі де күмәнді. Өйткені Алаш көсемінің ауылына баратын жол жоқ. Барлық облыс орталықтары мен қалаларда Аханның атында мектептер мен көшелер ескерткіштер болуы тиіс. Ал тәуелсіздігіміздің 30 жыл орнаса да Павлодар қаласында Аханның атында мектеп те, көше де болмауы нені білдіреді? Петропавл қаласында да бір көше жоқ.