Зейнетақы қорындағы ақшаны қайда пайдалануға болады

Зейнетақы жинағында шекті мөлшерден асқан қаржыға жер телімін сатып алуға болады. Бұл туралы Отбасы банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Ол үшін бірыңғай оператордың порталында арнайы батырма енгізілді. Жер үй салуға немесе жеке шаруашылық жүргізуге арналған болуы шарт. Оны сатып алғаннан кейін мақсатты жұмысты жүзеге асыруға 24 ай беріледі. Осы уақыт өткен соң жер телімінің иесі, салған үйдің, немесе шаруашылығының құжатын банкке көрсетуі тиіс. Бұл шартты орындамағандарға қандай шара қолданылатыны жаңа ережеде әлі жүйеленбеген.

Ләззат Ибрагимова, Отбасы банктің басқарма төрағасы:

– Жаңа басталып жатыр ғой. Жұмыс барысында егер сол екі жылдың ішінде үйдің жартысын салып қойып, болмаса үйді салып, құжаттарын рәсімдеп жатқан болса, ол кезде бұл сұрақтың бәрі қаралады деп ойлаймыз. Бірден қатаң шара қолданып, қайтартуға емес, ол кісіге көмек беріп, үйді аяғына жеткізуге мүмкіндік беріледі деп ойлаймыз. Ереже 14 желтоқсанда шықты. Ол сұрақ әлі қаралады.