V Қысқы Спартакиада: қанатты шаңғышылардың жарысы басталды

Алматыда V Қысқы республикалық Спартакиада аясында бүгін қанатты шаңғышылардың жарысы басталды.

Шаңғымен тұғырдан секіру біздің елде кенже дамыған спорт түрлерінің бірі. Жібі түзу спорт кешені тек Алматыда ғана демесеңіз өзге өңірлерде трамплиндер жоқтың қасы. Сондықтан болар бүгінгі командалық сайысқа бар болғаны 4 команда ғана қатысты. Оның екеуі Алматыдан. Бас жүлдеге де сол екеуі таласты. Құрамында Сабыржан Муминов пен Данил Васильев секілді тәжірибелі спортшылар өнер көрсететін Алматы-1 бас жүлде иеленді. Алматы-2 екінші орыннан көрінсе, Шығыс Қазақстан құрамасы үштікті түйіндеді. Дәл осы спорт түрінен Қазақстан құрамасының қоржынында әзірше олимпиаданың 2 жолдамасы бар. Сабыржан Муминов қаңтар айында өтетін Әлем кубогының кезеңінде тәуір нәтиже көрсетсе тағы бір жолдаманы қоржынымызға салуы мүмкін. Ал Бейжіңге баратын Данил Васильев пен Сергей Ткаченко олимпиада ойындарында 30 спортшының қатарынан көрінсек үлкен олжа деп отыр.

Сергей Ткаченко, V Қысқы спартакиаданың қола жүлдегері:

– Осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяда өткен олимпиада ойындарында тәжірибем болған жоқ. Сондықтан іріктеу кезеңінен аса алмадым. Енді Бейжіңде өтетін қысқы ойындарда барымды саламын. Қазір кімнің қалай секіретінін көріп, біліп жүрмін. Өзімде көптеген әлемдік жарыстарға қатысып, тәжірибе жинадым. Міне республикалық Спартакиада да, дайындықты пысықтап жатқан жәйіміз бар. Олимпиадада алғашқы 30-тан көрінсем мен үшін үлкен жетістік болмақ.