Көз жанарынан айырылған әжей 100-ден астам күйді шебер орындайды

Көз жанарынан айырлыған қарағандылық Күлмара Рахымбекқызы 100-ден астам күйді шебер орындайды. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында тұратын кейуана әлі тың, санасы сергек. Жан серігі – домбырасын жеті жасында қолға алған. Содан бері ұлттық аспап сырласы һәм мұңдасы. Қазір білген-түйгенін немере-шөберелеріне үйретіп жүр. 

Әжеміздің жасы 85-ке келсе де домбырасын жанынан тастаған емес. Күніне бір мезгіл күй шертеді. Осыдан 4 жыл бұрын көз жанарынан айырылған, бірақ санасында бәрі сайрап тұр.

Күлмара Рахымбекқызына күйшілік өнер әкесінен дарыса керек. Қазақтың қара домбырасын алғаш рет 7 жасында қолына алып, өнер өлкесіне қанат қағады. Сөйтіп небәрі 13 жасында өзі оқитын мектепте оқушылар ансамблін құрған. Арқадағы атақты Аққыз күйшінің төл шәкірті.

Күлмара Рахымбекқызы, күйші:

– Қасында жүрдім шәлісін байлап, домбырасын көтеріп. Содан мені тастаған жоқ қасынан көп жыл бойы. Осы Ақтоғайға келсе де мені алдырады. Күйінің бәрін үйреніп алдым. Батасын берді. Айналайын, қиындықты менен артық көрсең де, күйді тастаушы болма деп.

Ақтоғайдағы музыка мектебінде 35 жыл дәріс берген әжеміз әйгілі «Тоқырауын толқындары» ансамблінің де белді мүшесі болған. Мәскеу, Түркия, Үндістанға гастрольдік сапармен барып, қазақтың өнерін паш етеді. 70 жасында шығармашылық кешін өткізген кейуана бертінге дейін облыстық, республикалық күйшілер жарысына қатысып келген. Қазір де 100 күйді біледі. Әуелетіп ән де салады.

Нәзигүл Түсенова,  келіні:

– Домбырасын тастамайды, домбырасы қасында. Күніне бір тартып, шертіп отырады. Домбырасы өзінің жан серігі ғой енді. Балаларының барлығы да қара жаяу емес. Түгел өнерге бейім. Гитарада да, баянда да, домбырада да ойнайды.

Шертпе күй шеберінің жеке шығармалары да бар. Өзінің жолын қуған, өмірден өткен ұлы Ерлан Жандығұловқа арнап «Ана сағынышы» деп аталатын күй жазған. Қазір әжеміздің 6 баласынан тараған 36 немересі, 27 шөбересі бар. Енді білген-түйгенін соларға үйретіп жүр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев