Зағип жандарға арналған кітапхана қайта жаңғыртылды

 

Шымкентте зағип жандарға арналған кітапхана бар. Білім мен ілімнің ордасы жуырда қайта жаңғыртылды. Қазір мұнда оқырман үшін бар жағдай жасалған. Маман жұмысын жеңілдету мақсатында заманауи технология енгізілді. Кітап қоры да толықты. 

Орталықта бедерлі-нүктелі әріппен Брайль кітаптары жарыққа шығатын болды. Яғни, көзі нашар көретін жандарға арналған оқу құралдары осында дайындалады. Одан бөлек, елдегі басқа да кітапханаларды қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. 

Жаңғыртудан өткен рухани кешенде оқырманға қолайлы орта жасалған. Келушілер үшін креативті оқу бұрыштары мен электронды кітап каталогтары қойылған. Оқырман залы, қолжетімді интернет,  тіпті, Baby Books бар. Үзілісте тамақтанып алуға да болады. 

Бәкір Нұрманбетов, Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың директоры:

– Енді бұны жасар алдында біздің өзіміздің талаптарды ескерді. Өзіміздің айтқан талаптарымызбен жасалды. Енді заман бір орнында тұрмайды өздеріңіз білесіздер. Жылда өзгерістер көп болып жатыр ғой. Дәл қазіргі сәтте біздің көңілімізден шығып отыр.

1969 жылы іргесі қаланған кітапхана жаңа заман талабына сай жабдықталып, зағип жандарға қызмет көрсете бастады. Мұнда 5 мыңнан астам аудио форматтағы кітап бар.  Жалпы кітапхана қоры 140 мыңнан асып жығылады. Жыл санап мүмкіндігі шектеулі жандардың да қызығушылығы артып, оқырман саны өсіп жатыр. 

Жұмағұл Нысанбек, оқырман:

– Кітапхананы осылай жаңартқанына біз де өте қатты қуанып жатырмыз. Әсіресе біздің қариялар қауымы. Біз әр сәрсенбі сайын кітапханаға келіп тұрамыз. Үйде жата бергеннен гөрі осы кітапханаға келіп, бір-бірімізбен араласып, оқыған кітаптарымыз туралы айтып отырамыз.

Жеті мыңнан астам тұрақты оқырманы бар кітапхана енді 14 мыңға дейін адам  қабылдай алады. Биыл дәл осындай 10 кітапхана заманауи жаңғыртудан өтті.  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов