Атбасарлық дәрігерлер баспаналы болды. Ауылда спорт кешені ашылды

Ақмола облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды, деп хабарлайды Хабар 24. Мәселен, Атбасар қаласында дәрігерлерге 25 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, аталған ауданның Шу ауылында су жаңа спорт кешені өз есігін айқара ашты. Салтанатты ашылу рәсімдеріне облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, жергілікті халықты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Атбасарлық дәрігерлер үшін бүгін қуанышты күн. Себебі олардың арасында баспанасыз жүрген 20 шақты маманға қызметтік пәтер берілді. Облыс әкімінің айтуынша, биыл аймаққа 72 дәрігер және 100-ден астам медицина қызметкері келген. Қазір олардың біразы баспаналы болды.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

– Өткен жылы біз Жақсы ауданында 8 пәтерлі үйді бітірдік. Егіндікөл ауданында да 16 пәтерлі үй дәрігерлерге тапсырылды. Сондай-ақ жақында Конституция күнінің қарсаңында көкшетаулық 40 медицина маманына баспана берілді. Енді Зерендіде 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз.

Гүлзия Өтепқали, онколог дәрігер:

– Бес жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрғанбыз. Жалпы үш балам бар. Баспанасыз жүрген жас отбасына оңай емес. Қазір дәрігерлерге көңіл бөліп, Тәуелсіздік қарсаңында қуанышқа кенелтіп жатқанына алғысымды айтамын.

Ал Шу ауылындағы су жаңа спорт кешені қаладағыдан кем емес. Мұнда әмбебап үлкен зал мен тренажер бөлмесі де бар. Нысанды жергілікті кәсіпкерлердің бірі өзінің жеке қаражатына салып, жерлестеріне сыйға тартқан екен. Енді елді мекен тұрғындары осында келіп, тегін жаттыға алады.

Сабыржан Мұсабеков, Атбасар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Жастарымыздың денсаулығы мықты болса, бұлар ертең біздің өміріміздің жалғасы. Атбасардан спорт саласында атақты азаматтар шығып жатыр. Енді жан-жақтағы барлық ауыл-аймақ, елдімекендер осында келіп жарыс өткізетін болады.

Аталған ауылға биыл су құбыры да жаңадан тартылды. Қазір осындағы 200-ден астам үй орталықтандырылған тіршілік нәріне қосылған. Ауылды аралаған аймақ басшысы, жергілікті билік өкілдеріне судың сапасына қатты мән беруді тапсырды.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный