Жыртқышқа жем болған бүлдіршіннің ажалы: Өскеменде фототұзақ орнатылды

Өскеменде Лесхоз кентінің тұрғындары жеті жасар қыздың ажалына себепкер болған жыртқыштың ізіне түсуге ниетті, деп хабарлайды Хабар 24. Олар бүлдіршінді ит емес, қасқыр талады деген болжамдарын айтады. Өйткені жазда осы маңдағы саяжай ішінен түз тағысын байқағандар көп.

Сондықтан алдымен олар өз беттерімен ұялы телефон камерасына түсірілім жасап көрген. Осылайша бейнетаспаға белгісіз хайуанның жүрген сәті ілігеді. Алайда тым алыс жерден оның не қасқыр, не ит екенін ажырату қиын. Мерт болған қыздың әкесі ауыл маңында ірі жыртқыш жүргеніне сенімді. Сондықтан жергілікті мамандар мен әкімдік өкілдері оның өтінішіне құлақ асып, сол маңға енді фототұзақ орнатты. Ол құрал күндіз-түні 15-20 метр қашықтықта, 180 градус радиустағы әр қимыл иесін фотоға түсіреді. Бір тәулік сайын аппараттағы мәліметтер тексеріледі. Бүгін фототұзақтан еш нәтиже шықпады. Өйткені өткен түнде тұман болғандықтан ондағы деректер жарамсыз болып қалған. Дегенмен орман және аң шаруашылығы отрядының өкілдері бұл маңға қасқыр келуі мүмкін емес деген пікірде.

Сергей Хорёв, Орман және аң шаруашылығы жедел отрядының инпсекторы:

– Қасқыр қар қалың түсіп, азық таба алмаған кезде ғана елдімекендерге жақындауы мүмкін. Сөйтіп малға шабады. Алайда қазір көріп тұрсыздар, қар жұқа. Жыртқыштарға далалы алқаптар мен тау арасында жемтік жетеді. Дегенмен енді осындағы тұрғындардың сұрауы бойынша осы құралды орнатып қойдық. Нәтижесін бақылаймыз.