Талдықорғанда «Самғау» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Талдықорғанда «Самғау» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Хабар 24.

БАҚ қызметкерлері арасында ұйымдастырылған сайысқа 120 дан аса фото, видео және баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар ұсынылған. Солардың арасынан отыз сегізі үздік деп танылып, авторларына қомақты қаржылай сыйақы табыс етілді. Байқаудың басты ерекшелігі Бейсен Құранбек атындағы жүлденің тағайындалуы болды.

Биыл алғаш рет тағайындалған Бейсен Құранбек атындағы жүлдені журналист Гүлжанат Мақұлжанова жеңіп алды. Облыстық арнадағы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы байқауға «Тәуелсіздік түлеткен Талдықорған» атты деректі фильмді ұсынған болатын.

Гүлжанат Мақұлжанова, Б.Құранбек атындағы жүлденің иегері:

– Бейсекем менің басшым болатын тәлімгерім, сыйласым еді. Сондықтан бұл марапатты мен Бейсекеңнің маған деген аманаты деп қабылдадым. Бейсен Құранбек арман еткен сапасы қазақ жастарын, сапалы қазақ журналистерін тәрбиелеуге өз үлесімді қосам.

Салтанатты шарада республикалық және облыстық телеарналардың тілшілерімен қатар, операторлар, бейнеинженерлер және блогерлер, дизайнерлер марапатталды. Байқаудың мақсаты қалам ұстаған қауымның еңбегін бағалап, саладағылардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына ықпал ету.

Нұрбол Қанағат, блогер:

– Қазір менде ютюбе арнасында 40 мыңға жуық жазылым бар. Күнделікті қаралымды қарап отырам. Орта азияда көрермендер қамтылған. Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан бар. СКЛ сонша ютюбке бейне салу үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені оны түсіресің, монтаждайсың кейбірі оны түсінбей жатады. Ол енді дамып келе жатқан себепті оны жүлдеге қосып көрдім өте қуаныштымын.

Алматы облысы әкімінің жүлдесіне арналған байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды насихаттауға және Тәуелсіздік жетістіктерін дәріптеуге бағытталған. Жыл сайын ауқымы ұлғайып келе жатқан шараның енді талаптары өзгертіліп, жүлде қоры арта түспек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев