Елордадағы көлік жуу орталықтарына қатысты шағым көп

Биыл жыл басынан бері осындай жеті шағым түскен. Алайда оны тексеруге мораторий қол байлау боп тұр дегенді алға тартады мамандар, деп хабарлайды Хабар 24.

Елорданың тұрғын үй кешендері астында көлік жуу орталықтары көп. Біразы автотұрақ аумағында орналасқан. Осыған байланысты көпқабатты нысандардың қабырғасы ылғалдан көгере бастапты. Бұған алаңдаған тұрғындар  нысандарды жабуды сұрап отыр. Көптің тілегі орындала ма, әлде  бұған тағы мораторий кедергі бола ма?

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Мынадай көлік жуу орындары жергілікті тұрғындар үшін күліп жымиятын тақырып емес. Әлбетте, көлік жүргізушілері үшін қолайлы болуы мүмкін. Бірақ дәл осындай шағын бизнес нысандарының тұрғын үй кешендері астында орналасуы қаншалықты заңды?

Мен осы үйде тұрамын. Чатта бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Жоқ шешіліп жатқан жоқ. Чатта 1-2 рет жазды ешкім оны шешкен де жоқ. Негізінде бұл дұрыс емес қой. Үйдің асты влажный, су болады, дымқыл болады. Бөлек тұрған дұрыс қой.

Әрине қолайсыз. Көрініп тұр. Қазір қыстың күні. Жер көктайғақ адамдар жүріп жатыр мына жерде.

Бұл өзі тротуар ма, әлде көліктерге арналған жол ма? Білмедім. Әйтеуір осы жерден өтерде жан-жағымызға қарап көктайғақтан құлап кетпеуді амалдаймыз. Әсіресе, балалар үшін қауіпті деп ойлаймын.

Ашынғандардың қатарында елордалық Әсел де бар.

Оның айтуынша, автомобиль жуу орындары тұрғын үй кешенінің қабырғасын ғана емес, тыныштығын да бұзады.

Әсел Ыдырысова, қала тұрғыны:

– Үйіміздің астында көлік жуу орталығы ашылғалы жайлылық пен береке қашты. Біріншіден, паркинг іші жиі лайланатын болды. Автотұрақ қабырғалары үгітіле бастады. Ылғал кесірінен жәндіктер қаптап кетті.

Шағымды қала әкімдігіне жеткіздік. Ондағылар көлік жууға рұқсат беретін ережелер туралы айтты. Оның ішінде тұрғындардың 2/3 бөлігі келісім беруі керек.

Руслан Жақыпов, қалалық сәулет және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

– Автотұрақтарда көлікке қызмет көрсететін нысандардың болғаны заңға қайшы келмейді. Бірақ тұрғын үй кешенінен бөлек әрі жабық кеңістікте орналасуы керек. Бұл нысанның жобалық құжатында көрсетілуі тиіс. Әдетте мұндай сұрақтарды көпқабатты үй салынар алдында және сараптама кезінде шешеді.

Бір мезетте 10 көлік жууға шақталған орталықтар тұрғын үйден кем дегенде 15 метр қашықтықта орналасуы керек. Ал 30 немесе одан көп көлік жуатын нысандардың қашықтығы 25 метр болуы шарт.

Гүлнар Қалиева, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Соңғы уақытта, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарды тексеруге мораторий енгізілгелі шағым көбейді. Шағымдардың біразы бизнес орындарының заңсыз орналасуына қатысты болып отыр. Оның ішінде әлбетте, көлік жуу орталықтары да бар. Жалпы санитариялық ереже бойынша көлік жууға арналған кез келген жабық кеңістіктің тұрғын үй кешені астында орналасуы заңға қайшы келеді.

Жыл басынан елордадағы көлік жуу орталықтарына қатысты 7 шағым түсті. Бірақ мораторий қолбайлау болып тұр, дейді Гүлнар Қалиева. Заңды белден басып, мораторий арқылы мұратына жетіп жатқандар көп. Алайда былықтың бәрі тексеруге қатысты шектеу тоқтаған кезде ғана тыйылады. Ол үшін тұрғындар өзара ауызбіршілік танытып, сот инстанцияларына жүгіне алады, - дейді мамандар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев, Жандос Сұлтанғазы