Ақмола облысында 120 елді мекеннің тарихи атауы табылды

Бұл – ғалымдардың бірнеше жыл бойы жүргізген тынымсыз еңбегінің нәтижесі, деп хабарлайды Хабар 24.

Ежелгі атауларды анықтауға Жамбыл Артықбаев бастаған тарихшылар, картографтар мен географтар және мұрағат мамандары атсалысыпты. Мәселен, көне деректер Жақсы ауданындағы Лозовое ауылының бұрынғы аты Қосағалы, Бурабай ауданындағы Златополье ауылы – Құмдыкөл, Бұландыдағы Журавлевка – Қамыс, Капитоновка – Айғай деп аталғанына көз жеткізген. Бұған Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архивтің құжаттары дәлел, – дейді зерттеушілер. Ғалымдар тіпті Ресей архивтерін де ақтарып, біраз мәліметке қаныққан.

Айта кетейік, жалпы қазір Ақмола облысындағы 600-ге жуық ауылдың 200-ден астамының атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген.

Әсем Жұмағұлова, облыстық ішкі саясат басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Көпшілік Степногорск деп жүрген қаланың атауы Бесқарағай екені анықталды. Макинканың тарихи атауы – Аютөбе, Карловка деген ауылдың атауы – Аралтөбе, тағы да осы сияқты көптеген елді мекендердің тарихи атаулары анықталды. Енді осы тарихи атауларды қайтару үшін қазір жылдың басынан бастап халықпен жұмыс жүргіземіз.