Семей полигонының орнын тазарту жаңадан жүргізіледі

Семей полигонының орнын тазарту жаңадан жүргізіледі

2024 жылы Семейдегі сынақ полигонын радиациядан тазартудың жаңа жобасы басталуы мүмкін. Жоспар бойынша ол кезде бүлінген жердің беткі қабатындағы топырақ сүріледі.

Яғни 100 мың текше метр топырақ арнайы жерге көміледі немесе сақталады. Бұл бүгін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заң жобасын талқылау барысында айтылды. Жаңа ережені Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды.

Айтуынша, Семей полигонының аумағы үш облыс жерінде жатыр. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кедергі келтіреді. Нәтижесінде радиациялық аймаққа тұрғындар еркін кіріп шығып жүр. Сол аймақтарда 139 шаруашылық бар екен. Оның 70-ке жуығында адам тұрады. Көбі малшылар. Бұған қоса жүйелі тексеру жүргізілмегендіктен жер тиімді пайдаланылмай келеді. Осыған байланысты заң жобасы әзірленген. Талқылау барысында депутаттар толықтыру қажет тұстарын атап өтті.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасы бойынша радиациямен жоғары деңгейде зақымданған учаскелердің шекаралары анықталып, оператордың құзырына берілмек, сол аумақтарда жалға, жеке меншікке берілген учаскелер бар ма? Егер ондай жер учаскелері анықталған жағдайда оларды қайтару механизмдері қолданыстағы заңдарда қарастырылған ба? Жалпы ядролық полигонға қатысты жер учаскелері заң жобасында, жер кодексінде және қосымша заңдарда қаралған ба? Осы сұрақтарды терең зерттеп, қажет болса заң жобасына енгізуіміз керек.