Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасының құрылысы аяқталды

2010 жылы көктемде сел шайып кеткен бөгет 2016 жылы қайта салына бастаған еді. Ол үшін 5,6 млрд теңге бөлінген. Қаржыға 16 шақырымнан асатын электр желісі тартылып, тоспаға дейін тас жол төселді. Мамандар үшін үй мен жұмыс орны салынды. Жаңадан тұрғызылған стратегиялық нысанда қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты көңіл бөлінген?

Қызылағаш су қоймасы толықтай қалпына келтірілді. 1,5 млн текше метр тас пен топырақ төселіп биіктігі 55 метр, ал ұзындығы 300 метрден асатын бөгет тұрғызылды. Оған қырық бес дана ақпарат беретін арнайы құрылғы орнатылған. Қазір сол цифрлы технология арқылы стратегиялық нысанның жағдайы бақыланып отыр.

Тастан Наримбаев, «Қазсушар» РМК ІТ директоры:

- Құрылғылар тәулік бойы жұмыс істейді. Қандай жағдай болмасын ақпарат бірден диспетчерлік орталыққа жіберіледі. Ондағы маман құрылғыны тексереді. Қауіп расталса, диспетчер ТЖД хабарласады. Датчиктер де мәліметті автоматты түрде ТЖД жібереді. Содан кейін Қызылағаш ауылындағы мектеп пен емханада дабыл қағылады.

Қалпына келтірілген бөгет екі жылдан бері сынақтан өткізіліп келеді. Былтыр оған 20 млн, ал биыл 30 млн текше метр су жиналды. Алдағы уақытта оның көлемі көбейтіліп, 2022 жылы толықтай қолданысқа беріледі.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Ақсу ауданында қазір 1,5 мың га суармалы алқап бар. Қызылағаш су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін оның көлемі 7 мың га дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Егістік көлемін арттырып, айтылған межеге жету үшін ескірген ирригациялық жүйелерді жаңарту қажет. Диқандар су үнемдеу технологиясына көшуі керек. Сонда ғана қоймаға жиналатын тіршілік нәрі шаруалардың бәріне жететін болады.

Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Әкімдік ТЭО сын жасады, ПСД сын жасады. Әрі қарай бізге министрлікке құжаттарын өткізеді. Біз минфиннен ақша сұраймыз. Қажеттілік бар. Жалпы халыққа, жалпы облыс экономикасына қажет. Біз оны қолдауға дайынбыз. Әрі қарай қаржының шамасына қарай жұмыс жасаймыз.

Облыста су қоймаларын қалпына келтірумен қатар ирригациялық жүйелерді жаңарту қолға алынған. Ескелді ауданында 300 км асатын арық тазаланып, бетондалған атыздар ауыстырылды. Бұндай жұмыстар Ақсу, Көксу, Алакөл аудандарында да жүгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде өңірдегі бос жатқан 35 мың га жер егістікке айналатын болады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев