Павлодар облысында биыл 750-ге жуық адамды ит қапқан

Павлодар облысында биыл 750-ге жуық адамды ит қауіпті. Ең сорақысы сол, медициналық көмекке жүгінгендердің 250-ге жуығы балалар.

Сондықтан қаңғыбас итттердің проблемасы бұл жақта өзекті. Атырау облысында да үй жануарларынан зардап шеккендер аз емес. 11 ай ішінде 152 тұрғынды көшеде жүрген бұралқы ит қауып алса, 183 адам аулада байлаулы тұрған иттен зардап шеккен. Марғаулардан зиян көргендер де бар. Мәселен, 15 адам қаңғыбас мысықтан зиян шексе, 23 тұрғынды асырап отырған мысығы тырнап алған. Жалпы иттен зардап шеккендер жайлы ең сұмдық оқиға жақында ғана Өскеменде болды. Қалада 7 жасар бала көз жұмды. Ата-анасы бұл қасқырдың  ісі дегенмен, көптеген  мамандардың пікірі «бүлдіршінді түз тағысы емес ит талаған» дегенге саяды. Дегенмен, оқиға болған Лесхоз кенті тұрғындарының сұрауымен ол жаққа фототұзақ қойылды. Әзірге  объективіне ешқандай жыртқыш ілікпеген. Аймақта қараусыз иттерді ату белсенді жүріп жатыр. Өскеменде соңғы бірнеше күнде 100 шақты қаңғыбас ит жойылды. Биыл қалада бұл шараға 17 млн теңге бөлініпті. Ал облыс бойынша бұл іске 80 миллион теңге қаражат қарастырылып, тек соңғы екі айда  24 мың ит пен мысық  ұсталды. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

Ертай Батхолдин, ШҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жалғыз ғана Өскемен қаласы емес, осы жақын аудандар, облыс бойынша мәселелер жасалып жатыр. Қаржы қаражат жеткілікті бөлінген болатын. Тиісті жерлерде Ұлан ауданы бойынша, жақын жерлердегі барлық ауылдық округтерде мәселе қатты қолға алынып жатыр.