Ақтөбеде су, жылу және кәріз жүйесіне қатысты тариф төмендейді

Келер жылы Ақтөбеде су, жылу және кәріз жүйесіне қатысты тариф төмендейді. Мұндай шешім қаладағы ірі монополистің инвестициялық бағдарламасын іске асыру туралы есебін талдаудан кейін қабылданған.

Нақтырақ айтқанда, облыс орталығына қызмет көрсететін кәсіпорын 2016-2020 жылдарға бекіткен жұмысты атқару барысында 890 миллион теңгеден асатын іс-шараларды орындамаған. Мұндай кемшілік табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті мен прокуратура қызметкерлері бірлесе жүргізген іс-шара кезінде анықталды. Нәтижесінде келер жылы Ақтөбеде уақытша жаңа тариф енгізілмек.  

Дидар Сағын, табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы:

- 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Aqtobe su-energy group» АҚ үшін бір жыл мерзімге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді. Сумен жабдықтау қызметі бойынша тарифтің төмендеуі 2, 16 процент, суды бұру қызметі бойынша тарифтің төмендеуі 0,37 процент және жылумен жабдықтау қызметі бойынша тарифтің төмендеуі 10,17 процентті құрайтын болады.