Қостанайлық волонтер иесіз ит-мысыққа пана тұрғызып жатыр

Қостанайлық волонтер Людмила Берестованы көпшілік қараусыз қалған ит-мысықтардың қорғаушысы деп біледі.

Ол бірнеше жылдан бері иесіз жануарларды ұстап, әр жерге орналастырумен айналысып жүр. Жанашыр жан қаңғыбас иттерді бағып, күтетін арнайы орын ашуды мақсат еткен еді. Биыл сол ойы жүзеге асып, жарты гектар жер сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастады. Қазіргі кезде қала сыртында жылы үйшіктерімен ашық екі қоршау салынды. Әзірге мұнда 17 ит пана тапқан. Жаңа жылға дейін тағы үш дуалды қоршау пайдалануға берілмек. Пана орынға иттерін әкеліп тапсырғысы келетіндер көп екен. Бірақ олардың бәрін қабылдауға мүмкіндіктері жоқ.

Людмила Берестова, қоғамдық қор жетекшісі:

- Телефон шалушылардан дамыл жоқ. Біз мұндағы орынның шектеулі екендігін түсіндіріп әлек боламыз. Бірінші кезекте шала жансар күйдегі кішкентай күшіктерді және иесі өлімге қиған иттерді қабылдаймыз. Мұнда әр демалыс күндері сенбілік ұйымдастырылады. Келіп, көмектесем деушілерге есік ашық.