Хаменованың құзырындағы басқармалар басқаларға берілді

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың үйқамақтан уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтқан едік.

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2021 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен прокурордың өтініш хатын қанағаттандырып, Бақытгүл Хаменоваға қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы жаңа қаулы шығарды. Сот алқасы күдіктінің 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін, басшылық қызмет атқарғанын және өңірде ықпалды әрі берік әлеуметтік байланыстары барын ескерген. Сонымен қатар процеске қатысушыларға және істі объективті тергеп тексеруге қысым көрсетуі мүмкін екенін назарға алыпты.

Ержан Төлек, облыс әкімінің ресми өкілі:

- Қазір соттан ешқандай шешім келген жоқ. Қазір тергеу изоляторында жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан жалақы жүрмейді, жұмыста болмауына байланысты. Оған қарасты басқармалар әкімнің өзге орынбасарларына бөлініп берілді.