Елордада үйге мұқтаж жандардың мәселесі шешімін тауып отыр

Биыл кезекте тұрған 700-ге жуық елордалыққа жалдамалы пәтер берілді. Тағы 300 тұрғын сатып алу құқығы бар шаңырақта қоныс тойын тойлады. Осылайша үйге мұқтаж жандардың мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бастысы, Президенттің тапсырмасына сай Нұр-Сұлтанда жылдан жылға кезекте тұрғандарға берілетін баспана саны артып жатыр.

Есен Өмірзақов биыл жыл басында су жаңа жалдамалы пәтердің кілтін алды. Қоныстойға қала әкімінің өзі ақсақалды құттықтап келіпті. Бүгінде сексенді алқымдаған қария 3 бөлмелі пәтерде немерелерімен бірге бақытты күн кешуде. Бастысы, баспанаға көңілі толады. Ал жалдау құны айына небәрі 10 мың теңге. 

Есен Өмірзақов, қала тұрғыны:

- Балдар рахат енді, кішкентайымыз қазір 1-ден асты. Үй жылы, полка жүйткиді. Жақсы салынған үй. Жаман деп айтуға болмайды. Берген адамға рақмет. 

Елордада баспанаға мұқтаж жандар 5 санат бойынша кезекке тұра алады. Алдымен осал топтар, содан кейін толық емес отбасылар, мүгедектер мен жетім балалар тізімге алынады. Апатты үй иелері мен мемлекеттік қызметкерлер де арнайы санатқа енген.

Арманай Оңғарбаева, қалалық әкімдіктің тұрғын үй орталығының баспасөз хатшысы:

- Бағдарламалардың болуы жөнінде ақпаратты біз әрқашан да өзіміздің интернет ресурстарымызда жариялаймыз. Инстаграм парақшамызда жилфонд төменгі сызықша Нұр-Сұлтан, Жилфонд нүкте кз сайтында, жилфонд Нұр-Сұлтан мобильдік қосымшасында барлық бағдарламаның талаптары, қанша пәтер бөлінді бағдарлама аясында, барлығы жазылады. Өтініштерді қабылдау 2021 жылы барлық бағдарлама бойынша электронды түрде жүргізілді.

Қала әкімдігі жұмыс істейтін белсенді жастарды да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, биыл 29 жасқа дейінгі 800 азаматқа жалдамалы баспананың кілті табысталды. Алдағы уақытта тағы осындай 250 пәтер беріледі. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтардың «Елорда жастары» бағдарламасы аясында төмен несиемен үй алуына мүмкіндік бар.

Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапияұлы