Кентаудағы Шаштөбе елді мекеніне ауыз су жетті

Күні кеше Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Шаштөбе елді мекенінің тұрғындары таза суға қол жеткізе алмай отырғаны туралы айтқанбыз.

Бірнеше жыл бұрын ауылға орталықтандырылған құбыр тартылған. Алайда елді мекен беткейде орналасқандықтан Ащысайдан тартылған су бірден етекке ағады. Ал оны реттеп, қырдағы үйлерге қысыммен шығару жолдары дұрыс қарастырылмаған. Соның салдарынан биік жердегі үйлер таза ауызсудан тарығып, арық суымен күнелтуге мәжбүр екенін айтып, мәселе көтергенбіз. Бүгін Шаштөбе ауылынан сүйінші хабар жетті. Ауыл тұрғындары біздің арнаға алғыс айтып, үйлеріне таза ауыз су келгенін қуана жеткізді.