Алматыда халық Рысқұлов-Тілендиев көшелерінің қиылысындағы бағдаршамды қосуды сұрауда

Алматы тұрғындары Рысқұлов пен Тілендиев көшесінің қиылысындағы бағдаршамды қайта іске қосуды сұрап отыр. Бүгін олар талап-тілектерін айтып жиналыс өткізді. Бірнеше күн бұрын дәл осы тұста үш адамды көлік қаққан еді. Егде жастағы кісілердің бірі сол жерде жан тапсырса, екеуі аурухананың жансақтау бөліміне түсті.

«Қайғылы оқиға Рысқұлов пен Тілендиев көшелірінің қиылысындағы бағдаршам өшіріліп, көлік қозғалысы өзгертілген соң болды» дейді тұрғындар.

Оқиға 21 желтоқсанда түнгі уақытта болды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, олар жолды рұқсат етілмеген тұстан өтіп, апатқа ұшырайды. Ал адам қаққан жүргізуші заң алдында жауапқа тартылады. Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы басталды. Бұл тұстан негізінен Шаңырақ пен Ұлжан ықшам аудандарының тұрғындары өтеді. Енді бағдаршам сөндіріліп, қарсы бетке өту қиындады. Бұған наразы халық жолдағы қозғалысты қайта қалпына келтіруді сұрайды.

- Қаншама адам әлі де жүгіріп жатыр. Біз айтып жатырмыз: «абайлаңыздар, балаларды абайлаңдар». Балаларға жанымыз ашиды ғой. Балалар емес, үлкен кісілер де жүгіреді.

- Жаяу жүретін балалармыз мектепте оқитын, студенттер, халық өте алмай жатыр. Қиын болып жатыр. Сондықтан осы жолды ретке келтіртіп, көмектесіп акимат сол үшін жиналып тұрмыз.

Бұл жер Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысындағы жол айырығы қолданысқа берілген соң жабылып қалды.

«Есесіне шығыс бағыттағы көлік кептелісі күшейе түсті», - дейді тұрғындар. Ал жаяу адамға арналған көпір 300 метр жерде орналасқан. Оны алыс санайтын жандар көлік нөпіріне қарамастан көшеден жүгіріп өтіп, басын қауіп-қатерге тігеді. Дәл қиылыста жүргіншілер үшін көпір салудың жобалық-сметалық құжаттамасы тек келесі жылы қолға алынбақ.

Данияр Надырханов, қалалық мобильділік басқармасы жобалау және дамыту бөлімінің басшысы:

- Болашақта мына жерде жаяу жүргіншілер өткелін жерүсті салу қарастырылады. Маршруттардың схемасы өзгертілді. Қазіргі таңда Тілендиев көшесі светофор-бағдаршамы ашылмайды.

Алмас Садуақас, тілші:

- Көшелер қиылысқан тұста жаяу өтуге арналған жол жолағын жасау да әзірге қарастырылмайды. Өйткені ол қауіпті әрі көлік қозғалысын тежейді дейді әкімдік қызметкерлері. Ал жолды рұқсат етілмеген жерден өткен адам әкімшілік жазаға тартылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев