Есірткі ұстаған алматылық бойжеткен он бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Өскеменде есірткі ұстаған алматылық бойжеткен ұсталды. Тексере келе ол тұратын жалдамалы пәтерден психотропты белсенді заттар жасауға арналған құралдар мен қажетті заттар табылды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Өскеменде синтетикалық есірткіге қатысы бар алматылық қыз қолға түсті. Шығыс Қазақстан облысының Полиция қызметкерлері күдіктіден 120 грамм психобелсенді затты тәркіледі. Тергеп-тексеру кезінде арнайы жабдықтар мен химикаттардың түр-түрі табылды. Бұл зертхана синтетикалық есірткі өндірісіне әзірленгені белгілі болды. Жалдамалы пәтерден дайын есірткінің 200-ге жуық бір реттік дозасы мен синтетика өндіруге жарайтын алты литр сұйық түріндегі есірткі табылды. Күдікті енді он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

ОҚУШЫНЫ КӨЛІК ҚАҒЫП КЕТТІ

Атырауда жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірім қызды автокөлік қағып кетті. Оқиға күндізгі сағат 12:30 шамасында Канцев көшесіндегі №13 мектептің тұсында болған. Көшеге қойылған бейнебақылау камерасының жазбасында 10 жастағы мектеп оқушысы соққы салдарынан жеңіл жарақат алып, әрі қарай жүріп кеткен. Toyota автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісіне қатысты полиция қызметкерлері әзірге пікір білдірмеді. Өңірде жыл басынан бері дәл осындай 50 жағдай тіркелді.

ЖОЛАЙЫРЫҚТА КӨЛІК АУДАРЫЛДЫ  

Алматыда Шығыс айналма жолында жол көлік оқиғасы орын алды. Honda маркалы автомобиль үлкен тас жол бойымен солтүстік бағытқа қарай бет алып келе жатқанда Талғар трактісіне жетпей, жылдамдықты асырған. Нәтижесінде жол айырығынан ұшып кетіп, бірнеше рет аударылды. Жүргізуші көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын жол полициясының қызметкерлері анықтауда.

«ШАШТАРАЗ ҰРЫ» ДҮКЕНГЕ ТҮСТІ

Шымкенттегі дүкендердің бірінде ұрлық жағдайы тіркелді. Кешкі сағат 21:30 шамасында шаш кептіргіш пен бұйралағыш құрылғысын қолды еткен күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кәсіпкер жалпы сомасы 19 мың теңгенің шығынын айтып, полицияға арызданды. Аталған жағдайға байланысты ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен іс қозғалды. Күдікті 35 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ӘЙЕЛДЕР ҚАЛТАҒА ТҮСТІ

Ақтөбе қаласында Полиция департаментінің жедел жасағы қалта ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі әйел азаматшаны қолға түсірді. Тұрғын үйді тінту барысында заңсыз айналымда жүрген 21 ұялы телефон мен қомақты ақша, есірткі заттар, түрлі флэшкарта мен алтын бұйымдар тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.

 

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ...