СҚО әкімдігі қар тазалаушыларға 81 млн теңге қарыз

Өткен қыста қар күрегендер ақшасын әлі күнге алмаған. Петропавлдық кәсіпкер әкімдікпен соттасып жүр. Алашағы аз емес – 81 млн теңге. Бірақ әкімдіктің де өз уәжі бар. Мамандардың атқарылған жұмыстарға көңілі толмайды. Екі жақ айтысып-тартысып жүргенде, жұмысшылар аш отырсын ба? Тарап кеткен. Ал тараптардың дауы әзір біте қояр түрі жоқ.

Амбарцум Искандарян Петропавлда қар тазалаумен айналысады. Бірақ биыл шыққан жоқ. Техникалары тұр. Жұмысшылары да тарап кеткен. Бәріне себеп – қарыз. Әкімдік оған осы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір айларында көрсеткен қызметі үшін 81 млн теңге берешек.

Амбарцум Искандарян, кәсіпкер:       

– Тапсырыс берушіге шағым хат жаздық. Олар «иә, біз сіздерге қарызбыз, бірақ қазір төлей алмаймыз, күті тұрыңыздар», - деп жауап берді. Содан кейін түрлі сылтаулар басталды. Қазір жұмыссыз отырмыз. Қарызға баттық.

20 адам жұмыстан кетті. Кәсіпкер оларға және де жалға алған жүк көліктеріне төлеу үшін несие алғанын айтады. Шығынға батқан Амбарцум Искандарян жауапты органдарға шағым түсірді. 

Айдос Тоғызбаев, облыстық Әділет департаментінің басшысы:

– Аталған атқару өндірісі бойынша Коммунхоздің жаңағы банктегі счеттарына арест қойылған. Сот орындаушылар Заңда белгіленген 39-бапқа сәйкес екі ай мерзімі бар. Екі айдың ішінде орындайды деген ойдамын. Себебі әкімшілікте ақша болған сәтті ақшаны аударады.

Қалалық әкімдік қызметкерлері қарыздың барын мойындап отыр. Бірақ жұмыс көлемімен келіспейді. Сондықтан қарсы шағым жазбақ. 

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бас мердігер «Коммунхоз» бен ИП «Искандарян» арасында келісімшартқа қол қойылған. Бүгінгі таңда қарыздары бар. Бірақ бұл қарызды олар азаматтық тұрғыда шешетін болады. Себебі ИП «Искандарян» тарапынан өткен жылы қар тазалауда көптеген кемішіліктер анықталып отыр.

Былтыр Петропавл көшелерін қардан тазарту үшін 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыны қалалық әкімдікке қарайтын коммуналдық кәсіпорын қосалқы мердігерлерді тарту арқылы толық игерді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев