Жануарларды сыйға тартуға болмайды

Чехияда волонтёрлер, кинологтар, тіпті полицейлер де халықтан Рождество мейрамына үй жануарларын сыйға тартпауды өтінді. Өйткені былтыр күшік немесе марғауды бағып-қаққысы келмеген тұрғындар жүздеген жануарды тірідей далаға шығарып тастаған. Кейін олар арнайы орталықтарға жеткізілген. Енді мейрам қарсаңында белсенділер бұл мәселеге жауапты қарауға шақырып отыр.

Пардубице тәлімбағындағы Фреяның орны бөлек. Қаңтар айының басында ерлі-зайыпты бір жұп қоқыс жәшігінде мияулап жатқан екі айлық марғауды құтқару үшін полиция шақырған болатын. Қоқыстан шығарылған жануар тәлімбаққа өткізілді. Кейін бұл полицияға хабарласқан жұбайлардың ісі екені анықталды. Оларға марғауды Жаңа жылмен құттықтап, досы сыйлаған екен. Ал оны бағып-қаққысы келмеген ерлі-зайыпты жануардың жанын сақтап қалу үшін полицияға қоқыстан тауып алдық деп алдаған.

Көше кезген жануарлар екі жыл қатарынан ең көп қаңтар-ақпан айларында табылады екен. Пардубице мен Остров тәлімбақтарында әлі күнге дейін ондағаны тұрып жатыр. Қыс ортасында орта есеппен 70-ке жуық күшік пен марғау арнайы орталықтарға жеткізіледі. Ал биылғы жылдың қаңтарында 139 жануар табылған.

Янина Мехедчик, қаңғыбас жануарларға арналған тәлімбақтың иесі:

– Бұл үрдіс 2019 жылы пайда болды. Сол кезде жұрт минипиг деп аталатын торайларды бір-біріне сыйға тартып жүрген. Бірақ оның жартысы үйде қалса, жөн болар еді. Бірақ жеке өзім 2019 жылдың қаңтарында көшеден екі торай таптым. Осыдан кейін рейд жүргізе бастадық.

Жануарларды қорғау ісіне полиция да қосылды. Күз соңында кинологтар ондаған шара өткізіп, жануарларға көрсеткен қатыгездік үшін жаза қарастырылғанын ескертті. Жақында заңға енгізілген түзетулерге сәйкес олардың өміріне төндірген қауіп үшін 10 жылға сотталуы мүмкін. 

Павол Касинский, Прага кинологиялық қызметінің психологы:

– Бізді мерекелік көңіл-күйді бұзушылар деп әзілдеп айтып жатады. Ал біз мейрамнан кейін де сыйға келген жануарларды қалдырып, күтіп-бағу керек екенін түсіндіреміз. Олар сөреге қойып қоятын ойыншық емес.

Елде өткізілген үгіт науқанына қарамастан тәлімбақтар жаңа бокстар дайындауға кірісті. Егер мейрам кезінде көшеге тасталған жануарлардың саны көбейіп кетсе, полиция заң бұзушыларды қатаң жазалауға ниетті. Үй жануарын қаңғытып жібергендер сот үкімі бойынша 500 еуро көлемінде айыппұл төлейді әрі оларға 10 жылға дейін үй жануарларын ұстауға тыйым салынады.

Александр Грэс, Павел Демитра