Қар құрсауында қалған 50 адам құтқарылды: оның он бесі – бала

Ал қыс басталғалы елімізде 50 адам қар құрсауынан құтқарылды. Оның 15-сі – бала. Тағы 100 шақты адам қауіпсіз жерге көшірілді. Алысқа ұзап, орта жолда қалып қойғандар да бар. Осындай жайттарды ескере отырып, 6 жылыту бекеті іске қосылды. Яғни, көмек көрсету мақсатында. 

Биыл ел аумағында 180 рет дауылды ескерту жарияланды. Облыстық және аудандық маңызға ие жолдар 40 мәрте жабылды. 6 рет жол-көлік қозғалысына шектеу қойылды. Құтқару жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және СҚО-да жүргізілді. Қазір 13 мың техника мен 35 мың маман халыққа қызмет көрсетуге сақадай сай тұр.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

– Қыс маусымы енді басталып жатқандықтан алдағы уақытта аязды күндер, көктайғақ, тұман сияқты табиғаттың бұзылуы орын алатыны белгілі. Осыған орай қазақстандықтарға алыс жолға шықпас бұрын өздерінің көліктеріне жеткілікті жанармай қорын құйып алуды және де жылы киім киюді, алыс жолға шықпас бұрын өзінің бағытын айқындап, сол бағыт бойынша ауа райымен танысып, жолға барлық қауіпсіздік шарасын сақтап шығуды сұраймыз.

Төтенше жағдайлар министрлігі ел аумағындағы жол бойында 40 құтқару бекетін орнатқан. Ондағы кәсіби дәрігерлер мен фельдшерлер жолда қалып қойғандарға, денесін үсік шалғандарға жедел медициналық көмек көрсетеді. Жол қозғалысындағы шектеулер туралы мәлеметті салалық министрліктің немесе Қазгидрометтің ресми сайттарынан білуге болады. Сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы да ауа райы болжамымен таныса аласыз.

Алина Есмағұлова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

– Солтүстік-батыс циклоны Қазақстанға қар әкелді. Алайда оның орнын батыстан келетін антициклон басады. Осыған байланысты елдің батысы мен солтүстігінде күн суытады. Әсіресе, түнгі уақытта сынап бағаны -28 градусты көрсетеді деген болжам бар. Ал республиканың оңтүстік облыстарында ауа температурасы сәл жоғарылауы мүмкін. Өйткені Өзбекстан жақтан келетін циклонның әсері болады. Тиісінше жаңбыр жауып, желтоқсанда күн райы жылымық болады.

Дауылды ескертуді елемей, жолға шығып, бөгеліп қалсаңыз 911 немесе 101 телефон номерлеріне хабарласыңыз. Үнемі байланыста болу үшін смартфон қуаттауға арналған құрылғыларды ұмытпаған жөн, – дейді мамандар. Әсілі, аса қажеттілік болмаса, алысқа ат арытпаңыз.

Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Ерлан Наурызбаев